Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың ІІ тоқсандағы халықпен есепті кездесуі А.Тоқмағамбетов және Тереңөзек кенті тұрғындарымен жүздесумен қорытындыланды. Жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудан прокуроры А.Кемалов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев арнайы қатысты.
Кездесуде аудан әкімі Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуынан хабардар етіп, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес атқарылған жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы туралы есеп берді.
Биыл А.Тоқмағамбетов елді мекенінде ауылдық дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл халықтың көптеп күткен сұранысы. Жөндеу жұмыстары біздің тұрақты бақылауымызда. Мұнан бөлек ауылдағы бір көше жарықтандырылды. Алдағы уақытта тағы бір көшеге асфальттау жұмыстары жүргізілетін болады, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде А.Тоқмағамбетов ауылының тұрғындары ауылды дамыту бағытындағы ой-пікірлерін ортаға салып, бірқатар ұсыныстар айтты. Аудан басшысы әрбір ұсыныс зерттеліп, зерделеніп, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.
Ал Тереңөзек кентіндегі жиында көбіне-көп аудан орталығын таза ұстау мен көркейту-көгалдандыру жұмыстары көтерілді. Аудан әкімі кент ауданның айнасы екеніне ерекше тоқталып, оның тазалығына барша халық белсенділікпен, жанашырлықпен атсалысуы қажет деді.
Тереңөзек кенті бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардан халық хабардар. Өздеріңізге белгілі, И.Тоқтыбаев көшесін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тротуар мен темір бетонды лоток орнатылды. Сондай-ақ көркейту-көгалдандыру мақсатында А.Иманов көшесінен «Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстары жүргізілді. Соның аясында тал көшеттері отырғызылып, екі жағының шарбақтары жаңаланды. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштердің негізінде А.Тоқмағанмбетов көшесі бойындағы «Қаракөл» каналына жаяу жүргіншілерге арналған жаңа көпір салынды. 2022 жылы демеушілік есебінен А.Иманов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын жаңғырту жобасы әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Жобада аулаішілік жолдар асфальтталып, қосымша автотұрақтар, жаңа типтегі ойын және спорт алаңдары мен демалыс орындары қарастырылған. Жалпы жоба бойынша 15 көпқабатты тұрғын үй ауласы қамтылды, – деді аудан әкімі.
Кездесуде кент тұрғындары ұсыныс-сұрақтарын жолдап, жауап алды. Сонымен қатар бірқатар азамат жеке мәселесімен аудан басшысының қабылдауында болды. Көтерілген мәселелер хаттамаланып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктелді. Жиын соңында аудан басшысы бала тәрбиесіне баса назар аударып, жасөспірімдер арасындығы құқық бұзушылықты болдырмауды тұрақты түрде бақылауда ұстауға шақырды.