Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев Бесарық, Қоғалыкөл және Шіркейлі ауылдық округтерінің халқымен кездесіп, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етті және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірді.
Сонымен қатар, кездесу барысында Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімі Н.Нәлібаевтың тапсырмасымен аймағымызда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға да тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын І санатты жолға айналдыру және облыс орталығын ыстық сумен қамтамасыз ету жөніндегі облыс әкімінің ұсынысын қолдағандығын жеткізе келе, көптен көтеріліп жүрген өзекті мәселе шешілетіндігін атап өтті.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 12 300 орынға лайықталған 21 мектептің 10-ның құрылысы өткен жылы басталса, биыл 11-нің құрылысы басталатындығын, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы 7 млрд. 900 млн. теңгеге дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат салынып жатқандығын, Қызылорда қаласының сол жағалауына салынатын жаңа стадионның іргетасы қаланғандығын жеткізді.
– Айта кетейік, биыл Сыр өңірінде жағымды жаңалықтар мен жарқын жетістіктер жетерлік. Қызылорда қаласында құны 2 млрд 700 млн теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Оқушылар сарайы және музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда. Халықаралық стандарттарға сай келетін жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталса, «Болат Өтемұратов» қорының қолдауымен 17 млрд. теңгеге жуық қаржыға «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы халықаралық талаптарға сай етіп салынды. Ғимарат жақын арада пайдалануға берілмек. Облыс бюджеті биыл 650 млрд теңгеден асты. Бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Экономиканың тіректі салаларында тұрақты өсім бар. Тамыры терең, тарихы кенен Сырдария ауданы да серпінді өзгерістердің ордасына айналды. Биыл аудан бюджеті 11 млрд теңгеден асты. Бұл қаражат халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмысын жақсартуға бағытталуда. Сыр елінің жауһар жәдігерлерін сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге және тәуелсіздіктің қасиет-құндылығын ұғындыруға тәрбиелейтін және осы жұмыстарды жүйелі әрі тұрақты негізде, бір орталықтан жүргізу мақсатында барлық 7 ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін, типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарын салу туралы бастама көтеріп, облыс әкімі Н.Нәлібаевпен шешім қабылданды. Бұл – әртүрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелерді бір орталыққа оңтайландыру арқылы бюджет қаражатын үнемдеуге, әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін тың жоба, — деді аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы.
Кездесу соңында прокуратура және ішкі істер органдарының басшылық құрамымен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңестер мүшелерімен, жергілікті зиялылармен бірлесіп, азаматтарды жеке қабылдады.