Kyzylorda-news.kz  Арал  ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев қаладағы Руханият орталығында Арал қаласының тұрғындарымен кездесіп, ауданда жыл көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндады.

Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен аудандағы құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Аталған жиында аудан әкімі жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстарға жан-жақты тоқталып, түрлі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша қол жіткізілген жетістіктерді баяндады.

– Жыл басынан бері ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. 7 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім бар. Соның ішінде инвестиция, қаржы-салық саясаты және өнеркәсіп сынды салаларда айтарлықтай өсім байқалады. Мұнан өзге әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді еселей түсетін маңызды салалар бойынша да жақсы нәитижелеге қол жеткізудеміз – деді аудан әкімі.

Кездесуде аудан әкімі Президент Жолдауынан туындайтын маңызды міндеттерді басшылыққа алып, Кіші Аралды сақтап қалу бойынша қолға алынып жатқан кешенді жобаларды тілге тиек етті. Сонымен қатар, туризм және руханият салалары бойынша бірқатар маңызды бастамаларды назарға алды.

Аудан әкімі мұнан өзге құрылыс, денсаулық және білім сынды маңызды салалар бойынша да нәтижелі жұмыстарға тоқталып, қол жеткізілген мүмкіндіктерді атап өтті.

Құрылыс саласында да айтарлықтай өсім бар. Биыл шалғайдағы Ақбасты ауылы ауыз су желісіне қосылды. Енді Тоқабай, Абай, Ерімбетжаға және Тастүбек ауылдарын ауыз су желісіне қосуға жұмыс жасаудамыз. Мұнан бөлек ауданды газдандыру бойынша соңғы 3 жылда 6,8 млрд. теңгеге 242,4 шақырым газ желісі жүргізілді. Жыл басында Сексеуіл және Шижаға ауылдары газға қосылса, ендігі кезекте Сыр беткейдегі Қамыстыбас ауылын газға қосуды жоспарлаудамыз. Білім беру саласы бойынша да жақсы нәтиже бар. Жыл басынан «Келешек мектептері» жобасы бойынша Арал қаласынан және Сексеуіл кентінен заманауи мектеп салынса, Тоқабай және Ақшатау ауылдарынан жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Жалаңаш ауылында салынып жатқан мектеп ғимаратын аяқтап, пайдалануға беретін боламыз. Денсаулық сақтау саласы бойынша да нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр. Жыл басында Сексеуіл кентінде 40 төсектік аурухана пайдалануға берілсе, Тоқабай ауылынан дәрігерлік амбулатория салынды. Жақында «Қамқорлық» оңалту орталығы жұмысын бастады. Бұл салада құрылысы жүріп жатқан ғимараттар да бар. Мәселен аурухана жанынан қосымша жапсаржай салынуда. Бұдан бөлек жұқпалы аурулар бөлімшесіне жаңа ғимарат салынып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы қазіргі таңда қарқынды жүргізілуде, – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.

Қала тұрғындарымен болған емен-жарқын жүздесуде тұрғындар тарапынан түрлі ұсыныс-пікірлер айтылып, әр салада абыройлы еңбек еткен бірқатар зиялы қауым өкілдері және ардагерлер өздерінің сауалдарын жолдады. Көбі елдік мәселе төңірегінде ұсыныстар болды. Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған әрбір сауалдарға жеке-жеке тоқталып, кейбір мәселелер бойынша заңдылығына қарай тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Кездесуге жиналған тұрғындар аудан әкімінің жыл көлемінде атқарған жұмыстарын жоғары бағалап, игілікті іске әркез куә болып келе жатқандарын жеткізді.

Мұнан соң аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы аудандағы құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға жазылған азаматтар өздерін толғандырған түрлі мәселелер бойынша аудан әкіміне және құқық қорғау органдарының басшыларына сауалдарын жеткізді.

Тұрақты жұмыс сұрап келген азаматтарға кәсіпкерлік нысандар мен мекемелерден түскен сұраныс бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Тұрғындардың өтінішіне сай мамандығына сәйкес және қоғамдық жұмысқа орналасу бойынша жауапты бөлім басшыларына заң шеңберінде барлық мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды. Ал тұрғын үй қажеттілігімен келген адамдарға өңірдегі тұрғындарды баспанамен қамту әр санат бойынша жүргізілетіндігі түсіндірілді.

Аудан басшысы көтерілген әрбір мәселелерді сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді. Айтылған өтініштер мен ұсыныстарды құзырлы орган басшылары назарға алып, мәселелерді шешу бағытында жан-жақты жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

Фото: Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: