Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 1 – 2 сәуір аралығында жел күшейіп, шаңды дауыл тұрды.  Ауа райының қолайсыздығынан бірқатар жерлерде электр жарығы ажыратылып, бағаналар мен көше бойындағы ағаштар құлаған болатын. Осыған орай, бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте сала мамандары толық ақпарат берді. 

«Ауа райының күрт өзгеріп, қатты желдің әсерінен қала, аудан және бірқатар ауылдарда электр жарығы ажыратылды. Сәйкесінше, КРЭК АҚ қоғамы ақау орын алған электр желілерін қалпына келтіру мақсатында барлық аудандарға 260 адамнан тұратын 64 бригада жұмылдырды. 54 техника жұмыс істеді», - деді Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Мақсұтұлы. 

Осы күні Қазалы ауданында 40 метрлік мұржа құлаған болатын. 

«Қазалы-Теміржолжылу» филиалының бу қазандығының темірден жасалынған ұзындығы 40 метр түтін мұржасы құлап, авариялық жағдай орын алған болатын.  Адам шығыны және бу қазандығы ғимаратына зақым келген жоқ.  40 метр мұржаның жарамсыз 31 метрі қиылып алынды. Авариялық жағдайды жою мақсатында 2 дана кран, 1 дана жылжымалы дәнекерлеу агрегаты, филиалдың 15 жұмысшы қызметкерден құралған авариялық тобы жұмыс жасады.  Бүгінде 9 метр мұржамен № 2,4 қазандықтар  іске қосылып жылу энергиясы өндірілуде»,-деді «Қызылордажылуэлектрорталығы» Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Усаин Медет. 

Облыста 22 нысанның шатыры ұшқан.

«Осы жылдың 1-2 сәуірінде облыс аумағында қалыптасқан метеорологиялық қауіпті құбылыс салдарынан барлығы 24 нысанға зақым келтірілді. Оның ішінде,  22-нің шатыры ұшып, 1-нің қабырғасына зақым келтірілсе, бір жылу беру нысанында мұржаның құлауы жағдайы орын алды. Шатыры ұшқан нысандардың барлығы дерлік жартылай немесе ішінара зақымдалған. Қазіргі таңда қала және аудандарда келтірілген шығын көлемін есептеу шаралары ұйымдастырылуда», - деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бөлімінің басшысы Ағайша Сматова.  

Қолайсыз ауа райының салдарынан зардап шеккендер жоқ.

«Бүгінде ауа райының қолайсыздығынан орын алған апаттық жағдайлар қалпына келтірілуде. Зардап шеккен адамдар жоқ. Қазіргі таңда комиссия құрылып, келтірілген шығындар бойынша жұмыстар жүргізілетін болады»,- деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров. 

Брифингте «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Әйгерім Жөкелова облыстағы ауа райынының жағдайын баяндады. 

«1-3 сәуір күндері облыстың басым аумағында суық антициклонның әсерінен салқын ауа райы байқалып, жел күшейіп, шаңды дауыл тұрғаны баршамызға белгілі. Ал алдағы күндері желдің екпіні төмендейді. Ауа температурасы түнде +7+12 болса, күндіз 15+20-ға дейін ақырындап көтеріледі. Жалпы облыс бойынша өткінші жаңбыр, найзағай күтіледі», - деді Әйгерім Болатбекқызы.

339461694_144832734938681_7362618956464142589_n.jpg

Тағы да оқыңыз: