Kyzylorda-news.kz Жеңіс күнін жақындатқан жауынгердің бірі – еңбек және соғыс ардагері Жолдыбай Балтабаев. Майдангер 1918 жылғы 8 наурызда Шиелі ауданына қарасты Тартоғай ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталғанда майдан шебіне аттанған. Алдымен неміс басқыншыларына, сонан соң жапон самурайларына қарсы соғысқа қатысқан. Ол 1941-1944 жылдар аралығында №81 атқыштар полкінде болып, талай неміс жауынгерін жер жастандырған. 1944-1945 жылдары №625-ші атқыштар, 1945-1946 жылдары Гаубарт полктерінде жүрді.
Жолдыбай Балтабаев Разия Кентжановамен бас қосып, шаңырақ көтереді. Елге оралған соң құрылыс саласында жұмыс істеген. Ағаш ұстасы болған Жолдыбай ата қазіргі Шиелі ауданының Алмалы ауылының гүлденуіне көп септігін тигізген. Ауылдағы соғылған құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүріп, іргетасты құюдан бастап, қабырғасын өру, шатырын жабу сынды барлық деңгейдегі жұмыстарына қатысады. Ел ішінде адамгершілігімен, шыншылдығымен, адалдығымен танылады. Құрылыс жұмыстарын бір кісідей білгеннен кейін көмек сұрап келгендерге мүмкіндігінше қолұшын беріп, үйін соғуға жәрдемдесетін. Ондайда қолым бос емес демей уақыт тауып, үйін едендеу, шатырын жабу секілді жұмыстарына көмек беретін.
Соғыс және еңбек ардагері Ж.Балтабаев 1994 жылғы 18 наурызда өмірден өткен. Оның жасаған еңбегі мен көрсеткен ерлігіне сай алған марапаттары да жетіп артылады. Ол «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Кенингсбергті алғаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталған. Майдангердің марапаттарының қатарын «Еңбек ардагері» мен жеңістің мерекелік медальдары толықтырады. Жолдыбай ата үнемі елге тыныштық тілеумен жүріпті. Бейбітшілік болған жерде тұрақтылық болатынын ондай елде бақ пен береке, ырыс пен ынтымақ орнығатынын өзінен кейінгілерге үнемі айтып отыратын.
Өмірін өнегемен өрнектеген майдангер ұл-қыздарына да үлгілі тәрбие мен жақсы тәлім бере білді. Ақиқатты өмірінің негізі еткен соғыс ардагері барынша қарапайым болатын. Соғыс ардагерінің ұрпақтары әке абыройына дақ түсірмей, қайда жүрсе де тәрбиелігі мен өнегесін көрсетіп келеді. Тұлғалық тұрпаттың қарапайым ғана үлгісін көрсете білген Жолдыбай Балтабаев ағайынның арасында беделді, ауыл ішінде сыйлы, жора-жолдастарының алдында абыройлы жан болған. Бүгінде артынан ерген, ізін жалғаған ұл-қыздары мен немере-шөберелері майдангердің ұрпақтары екенін мақтанышпен айтып жүреді.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ