Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары барысында партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмахановпен бірге Нағи Ілиясов ауылында болып, ауылдың дамуымен танысты.
Партия хатшысын Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Димаш Байдушев пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы күтіп алып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуымен таныстырды.
Сонымен қатар шаруашылық басшысы, аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев пен ауыл әкімі Сағдат Нұрмағанбетов ауылды абаттандыру, көркейту-көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен ақпарат берді.
– Президент айтқандай, жаһандану дәуірінде халықты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек. Ауыл – біздің алтын бесігіміз, мәдениетіміздің, дәстүріміздің және рухани өміріміздің сарқылмас қайнары. Ауылға деген қамқорлық – әрқайсымыздың өткенге, бүгінге және болашаққа деген қамқорлығымыз. Мен Н.Ілиясов ауылының дамуын, азаматтардың атқарып жатқан еңбегін жоғары бағалаймын. Бұл – нағыз патриотизмнің көрінісі, – деді «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова.
Құрметті меймандар ауылдағы әлеуметтік нысандарды да аралап, мекеме қызметкерлерімен пікірлесті. Сондай-ақ ауылдың ғана емес, облыстың брендіне айналған күріш көрмесімен танысты.