Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің отырысында «Атамекен» ҰКП-ның X съезіне қатысатын делегаттар дауыс беру арқылы анықталды.
Өңірлік кеңес мүшелерінің дауыс беруімен съезге 7 делегат сайланып, 2-уі резервке қойылды.
Съезге қатысатын кәсіпкерлер: Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов, кеңес мүшелері Жаңабай Бекішев, Нұрлан Іздібаев, Раушан Базарбай, Болат Нұрхожаев, Бейбітәлі Тілеулиев, Наталья Мишукова.
Кеңес төрағасы Ерлан Раимов шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
«Жыл басында «Атамекенге» трансформация жасалатыны айтылды. Оны талқылауға арналған отырыстарға қызылордалық кәсіпкерлер де қатысып, ұсыныс-пікірлерімізді бердік. Нәтижесін ертең съезде көреміз. Бұдан өзге, қазір Ұлттық палата жүйелі проблемаларға басымдық беріп, жан-жақты зерттеп жатыр. Оны жақында жарияланған Жолдауда өздеріңіз де көрдіңіздер. Кәсіпкерлердің айтуымен, Палата көтерген бастама қабылданып, салық кодексі жаңадан жазылатын болды. Жалпы «Атамекен» бизнестің алдындағы негізгі міндетін орындап келеді. Рас, соңғы уақытта орын алып жатқан өзгерістерге сай Ұлттық палата жұмысына да тың серпін керек. Съезде осы жағынан да жақсы жаңалықтар болады деп күтеміз», – деді Ерлан Раимов.
Атап өту керек, 4 қараша күні Астана қаласында, офлайн өтетін съезде Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының өңірлік палаталарын құру, өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің сандық құрамын айқындау, ҰКП-ның өткен жылғы қызметінің есебі, реформалауға қатысты қабылданып жатқан шаралар мен өзге де мәселелер талқыланып, қаралады деп жоспарланып отыр.
«Атамекен» қазір саладағы мәселелерді зерттеп, проблемасына, шешу жолдарына жүргізген талдауларын кәсіпкерлердің көріп, таныс болуы үшін телеграмнан арнайы канал ашты.
Кәсіпкерлердің аталған каналда оқып, танысып қана қоймай, пікір білдіруге, ұсыныс жасауға мүмкіндіктері бар.