Жаңа Конституция жобасы - бұл жай ғана құқықтық құжат емес, ол қоғамның соңғы жылдары іште жинақтаған үміті мен талабына берілген жауап деп қабылдауға болады.
Ұсынылып отырған өзгерістерден мемлекеттің өз азаматымен ашық диалогқа баруға, халықтың үнін естуге ұмтылысы анық байқалады. Бұл кез келген өркениетті қоғам үшін маңызды бетбұрыс.
Ең құнды тұсы - адамның құқықтары мен қадір-қасиетінің алдыңғы қатарға шығуы. Мемлекеттің басты міндеті - билікті күшейту емес, азаматтың еркіндігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету екені айқын көрсетілген. Бұл қағида қағаз жүзінде қалмай, нақты өмірде жүзеге асса, қоғамдағы әділетке деген сенім де арта түсері сөзсіз.
Әрине, кез келген заң уақытпен бірге сыналады. Конституцияның да өміршеңдігі оның орындалуымен өлшенеді. Дегенмен, бүгін ұсынылып отырған бағыт - дұрыс бағыт. Ол халық пен билік арасындағы жауапкершілікті күшейтіп, сенімге негізделген жаңа қатынастың іргесін қалайды. Заңға құрмет бар жерде тәртіп бар, ал тәртіп бар елде даму болады. Сондықтан бұл құжатты талқылау - әр азаматтың азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды кезең деп білемін.
Жарылқасын Шарипов
