Kyzylorda-news.kz. “Ауру – астан” деп бекер айтпайды халқымыз. Қандай ауру болса да дұрыс тамақ ішпеуден не артық ішуден пайда болады. Мұны қазіргі диетологтардың барлығы мойындады. Тамақ – аурудан емдеуші әрі ауруға шалдықтырушы да!

Қазір тамақ индустриясының дамуына байланысты азық-түліктің түр-түрі шығып жатыр. Америка кардиологы, диетолог Стивен Гандри “Парадокс растений” атты кітабында адамзаттың денсаулығы өткен ғасырдың 60-70-жылдары нашарлай бастады. Бұл – тамақ индустриясының қанат жаюымен дәлме-дәл келген уақыт. Содан бастап семіздік, қант диабеті, аутоиммунды аурулар, қатерлі ісік, артрит, қан қысымы, жүрек-қан аурулары, Паркинсон ауруы күрт көбейіп кетті. Диетолог қатерлі аурулардың көбеюіне себеп болған басты нәрсе – бұл адамзат рационы мен күтім құралдарының өзгеруі дейді.

Осында күрделі мәселені байқаған диетологтар мен кардиологтар тамақтану режімінің түрлі жолдарын іздестіріп, диетаның түр-түрін ойластырды. Қазір диетаның түрі көп. Бірақ бұлардың арасында сынға аз ұшырағаны әрі пайдасы бар екені азды-кем дәлелденген диетаның түрі – палеодиета. Басқаша айтқанда, аутоиммунды протокол. Бұл палеодиетаның 1970 жылы негізін қалаған – гастроэнтеролог Вальтер Л.Вёгтлин. Ал оны одан әрі дамытып, көпшілікке ұсынған, насихаттаған – Американың PhD-докторы Сары Балантейн (Sarah Ballantyne).

Доктордың сөзіне сенсек, өзі псориаз (теңге қотыр) бен Хашимото аутоиммунды тиреоидит атты аурумен жылдар бойы ауырған, жапа шеккен көрінеді. Диетаның ойлап табуына да осы себеп болған. Тамақтанудың түрлі тәсілдерін қолдана жүріп, мынадай ойға келеді. Ол “Палео подход” атты кітабында “Адамзат ағзасының, асқазан мен ішек құрылысының өзгермегеніне 4 мың жыл болды, яғни палеодәуірдегі адамзаттың асқорыту жүйесі бүгінде де еш өзгермеген. Демек қазіргі тамақтану стилін адамзат ағасы көтере алмауы мүмкін” деген ойды айтады.

Бұл диетаның негізі – көне дәуірде, нақтырақ айтсақ, палеолит дәуірінде, үңгірде өмір сүрген адамзаттың тамақтану жолын осы күнге әкелу. Яғни, қазіргі күндегі тамақтану мен азық-түлік түрлеріне адамзаттың ағзасы, әсіресе ішек құрылысы бейімделмегендіктен, көптеген аурудың себебіне айналып отыр дегенді алға тартады. Әсіресе, аутоиммунды аурулар күрт көбейген. Идея авторлары адамның өзі эволюциялық жағынан бейімделген тамақтану жүйесінен қазір тым алшақтап кетті, өз табиғатына өзі қарсы шығып жатыр дегенді айтады. Әсіресе ас қорыту мен ас сіңіру жүйесі өзіне таныс емес азық-түлікті қорыта алмай қиналады деседі.

Ал бұрынғы адамзат жер өңдеумен, мал бағумен айналысып, оған дейінгі ата-бабасы мүлдем мыңдаған жылдар бойы терімшілік пен аң аулаумен тіршілік еткені белгілі. Ол кездің азығы көкөніс, жеміс-жидек, балық, мал мен құстың еті, өсімдіктің тамыры мен дәні болды. Кейде жаңғақ, балды да жеудің реті келді. Қазіргідей нан мен астық, дәнді-дақыл өнімдерін, жартылай фабрикаттарды тұтынған емес.

Ғалымдардың бір бөлігі палеодиетаның әкелген бір жаңалығы – глютен құрамдас азық-түліктерге тыйым салуы дегенді алға тартады. Мұндай тағамдарға астық тұқымдас пен ұннан жасалған өнімдер жатады.

Палеодиетаның екінші бір атауы – аутоиммунды диета. Бұлай аталуының себебі қазіргі азық-түлік өнімдері ең алдымен адамның иммунды жүйесіне шабуыл жасайтынында.

Адамзат ағзасы ас-ауқат тұтыну арқылы иммунитетін, қорғаныш қасиетін жақсартатыны белгілі. Алайда ағзаға тұтынған азық-түлік жақпаса, иммунитетті жөндеудің орнына оны бұза бастайды. Содан аутоиммунды қабыну пайда болады.  

Бұл қызық…

Палеодиетаны ұстанушылардың мысалға келтіретін бір дерегі бар. Ол – Африкада әлі күнге дейін терімшілікпен және аңшылықпен айналысатын тайпалардың өмірі. Бұл тайпаның адамдарында өркениетке қол жеткен халыққа қарағанда денсаулығы әлдеқайда жақсы көрінеді. Аутоиммунды ауру мен ішек рагына шалдыққандар мүлде жоқ.

Ал ішек флорасының құрамы азық-түліктің түр-түрімен тамақтанатын еуропалықтарға қарағанда әлдеқайда бай болып шыққан.

Швед дәрігері Стаффан Линдерберг он шақты жыл Жаңа Гвинея аймағындағы шағын аралда жер шаруашылығымен айналысатын китав тайпасының тіршілігін зерттеп, қазіргі ғылымға беймәлім дүниелерді ашады. Ол сол тайпаның 220 адамы мен шведтің 200-ден астам азаматын алып салыстырса, китав халқының ер азаматтарының денсаулығы шведтерге қарағанда әлдеқайда жақсы болғанын байқаған. Атап айтқанда, қанында холестерин аз, қан қысымы төмен әрі дене массасының индексі дәлме-дәл келген.

Не жеп, не жемеу керек

Сонымен, палеодиета өкілдері соңғы 4 мың жылда пайда болған азық-түлік өнімдерінің бәрін тамақ рационынан алып тастауды, оның орнына терімшілік пен аңшылық дәуіріндегі тамақтану түрін енгізуді құп көреді. Сондықтан сүт және нан өнімдерін дастарханнан мүлде алып тастау керек дейді. Әрі бұл диетаны ұстанушылар азықты “жеуге болады” және “болмайды” деп нақты бөліп тастайды да, жеуге болатынын ғана өмір бойы тұтынуды жөн санайды. Сары Балантейн бастаған диетологтар тағамдардың арнайы тізімін жасап, оған “аутоиммунды протокол” деп атау берген.

Жеуге болады:

– Малдың еті мен құс еті. Жайылған, өрісте жүрген малдың етін жеуді ұсынады. Етті қайнатып не буға пісіріп жеу. Аптасына бес рет. Одан көп болса тіпті жақсы.

– Сүйекті қайнатып, сорпасын ішуді ұсынады.

– Балық пен теңіз өнімдері. Аптасына үш рет. Одан көп болса тіпті жақсы.

– Өсімдік майынан тек зәйтүн, кокос пен авокадоны ұсынады.

– Көкөністің барлық түрі және көкшөп

– Жеміс-жидекті жеуге болады, бірақ аздап, өйткені қанда глюкоза көбейіп кетуі мүмкін;

– Шай мен шөп шай, қайнатылған тұнба

– Аздаған бал.

Ал жеуге болмайтыны:

– Сүт өнімдері, ірімшік, құрт-май бәрін рационнан алып тастаймыз;

– Дәнді-дақыл (күріш, қарақұмық, асбұршақ), астық өнімдерінің (нан, тәтті-пәтті) бәрі шетке ысырылады;

– Жұмыртқа

– Жаңғақтың барлық түрі

– Қант өнімдері

– Алкогольді ішімдік

Палеодиетаны сынаушылардың уәжі

Бұл диетаға сын көзбен қарайтындар бар. Жалпы диетаның қай түрін алсақ та, оған қарсы уәж айтушылар табылады.

Дәрігерлер аутоиммунды протоколдың созылмалы ауруларды жазып, асқазан мен ішек жұмысын жақсартатынын мойындайды. Алайда мұндай диетаны дәрігермен келісіп, анализ бен қосымша тексерістерден өтіп барып, жеуге болатынын тағамның тізімін жасау керек дегенді айтады.

Диетологтардың күмәні мына жерде. Олар мұндай диетаны ұстанушылардың көп ет жейтінін, ал мұның асқазан жарасы мен атеросклерозға алып келетінін айтады. Етті шектен тыс көп тұтыну тік ішек қатерлі ісігіне алып келуі мүмкін дейді.

Аңшылық кезеңіндегі адамдар күнде ет жемеген. Өйткені қанжыға кейде майланады, ал кейде жоқ. Сондықтан палеопротоколды ұсынушылардың ежелгі дәуірдегі адамдарды өмір бойы ет жеді дегенді дәлелдей алмайтынын айтады.

Қорытынды

Диета – қазіргі күннің шындығы. Бірақ оны емдеуші дәрігердің келісімімен, нұсқауымен барып қолданған жөн. Әрине, ата-баба ұсынған, ғасырлар бойы халық білімімен толыққан ілімді қолданған да жөн. Мәселен, қазақ халқының бұдан бір-екі ғасыр бұрынғы тамақтану мәдениетін тұтынғанымыз да орынды. Алайда мұның бәрі шекпен және қазіргі медицинамен үйлескені болуы шарт. 

Massaget.kz

Тағы да оқыңыз: