Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданы – кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдаланып отырған өңірлердің бірі. Олай дейтін себебіміз, жалағаштықтардың кәсіп ашуға деген ынтасының өсуі арқасында қазір аталған сала ауданда серпін алып жатыр. Әсіресе өңірде аймақ үшін таңсық, жаңашыл жобалардың қолға алынуы көз қуантады. Сондай жаңашыл жобаның авторы, Жалағаш ауданының тұрғыны Асылхан Балмаханов өткен жылы мемлекеттік бағдарламамен қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, бүгінде бастаған ісінің жемісін көруде.

Осыдан екі жыл бұрын «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасына қатысқан жерлесіміз ауданда өзінің жарқын жобасын жүзеге асыруды көздеген болатын. Осылайша, комиссия мүшелері алдында жобасын қорғаған жалағаштық кәсіпкер қайтарымсыз 2 млн теңгеге қол жеткізді. Қазіргі таңда Асылхан Балмаханов сабын өндіру ісін бастап, кәсібін дөңгелентіп отыр.

Кәсіпкер қарапайым ғана сабын шығаруға арналған 3 аппаратпен бүгінде тек ауданды ғана емес, өз өнімімен аймақтың басқа өңірлерін де қамтамасыз етіп отыр. Қарапайым тұрмыста қолданылатын өнім сапасында сын болмағанның себебі болар, уақыт өткен сайын кейіпкеріміздің кәсіпорнында өндірілген өнімге деген сұраныс та артып келеді.

Жас кәсіпкер ауданда бұрын сабын өндіру ісі қолға алынбағандықтан осы жобамен үлкен табысқа жетуге болады деп алдына мақсат қойыпты. Қазір қабылдаған шешіміне өкініп отырған ол жоқ. Ісі де ширақ, өндірген өніміне де сұраныс артуда.

«Маған дейін ауданда кәсіптің бұл түрін қолға алғандар болған жоқ. Жобамның басты тақырыбын осыған арнағаным да сондықтан. Өндірген өніміңе бақталас болмаған жерде кәсіпкердің кірісі артатыны заңдылық. Алдағы уақытта сұраныс артатын болса, өнім көлемін көбейтуге кәсіпорынымның да, өзімнің де шамам жетеді. Қазірдің өзінде тек аудандағы бірқатар мекемелерден бөлек аймақтың басқа да өңірлерімен жұмыс жасап жатырмын. Тапсырысты уақытылы жеткізіп беріп отырмын. Келешекте өндіріс көкжиегін кеңейтіп жатсам, аудан тұрғындарын да тұрақты жұмыспен қамтуға ниеттімін», – дейді кәсіпкер.

Қазіргі таңда Асылхан өндіріске қажетті шикізат көздерін Түркістан облысынан тасымалдап жатыр. Яғни, қарапайым жеңіл көлікпен еліміздің оңтүстігінен аптасына 1 рет 2-3 қап сабынның арнайы қоспасын, 250 келі сиырдың іш майын және 500-600 литрдей күнбағыс майының қалдығын өзі алып келеді. Әзірге кәсіпкер тек сұранысқа жұмыс жасап жатыр. Ал алдағы уақытта тұтынушылар қатары артса, жүк көлігін алу да жоспарда бар екен.

Қазіргі таңда Асылхан аудан орталығындағы бірқатар ірі сауда орындарымен, ауылдық елді мекендердегі дүкендермен жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ, көршілес Сырдария ауданынан да жақында сұраныс түсті. Мұнан бөлек, облыс орталығындағы бірнеше сауда орталықтары да Жалағашта өндірілген өнімді тұтынушыларға жеткізуде.

28 жастағы кәсіпкер “Қаржыгер” мамандығын алып, бірнеше мекемеде кассир, есепші, экономист қызметтерін абыроймен атқарған екен. Алайда айлыққа жұмыс жасағаннан кәсіп ашуды жөн деп тапқан ол қазіргі таңда бастаған ісіне өкінбейтінін айтады.

«Жалпы, түсінгенім жаңашыл жобаларға қашанда жол ашық. Негізі кір сабын шығару туралы идея өткен жылдан бастап ойымнан шықпай қойды. Алғашында негізгі жұмысымнан өзге қарап жатпай, қосымша табыс тапсам деген ой маза бермей жүрді. Осылайша, іздене бастадым. Интернеттен қандай тауарға сұраныстың бар екенін іздеп, кір сабын шығару идеясына тоқтадым. Оның бірнеше себебі де бар. Біріншіден, біздің облысымызда тұрмыстық сабын шығаратын адамдар санаулы. Екіншіден, тендерлерге қатысып жүргенімде кір сабынды аймақ мекемелері көрші облыстардан алдыртатынын көрдім», – дейді жас кәсіпкер.

Көздеген мақсатын жүзеге асыру үшін Асылхан бірінші Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандарымен ақылдасып, «Бизнес-мектеп» құрылымы бойынша біліктілігін жетілдіреді. Бизнес жоспарын да Палата мамандарына әзірлетеді. Ал нәтижесі көңілге қонымды. Асылхан Балмаханов бүгінде ұтып алған қайтарымсыз қаржыға өз қаражатын қосып, шағын цех ашты. Негізі цехтың қуаттылығы күніне 1500 данаға дейін сабын өндіруге мүмкіндік береді. Әзірге нарықты толық зерттеп алу үшін тәулігіне 500-600 данадан ғана шығарып жатыр екен. Кейіпкеріміз сабынның атауын «Береке» деп қойған. Бұл әр шаңыраққа құт-береке кірсін деген ниеттен туған екен.
 

157098002_1167434540375289_6023977352037605371_o.jpg

Тағы да оқыңыз: