Kyzylorda-news.kz Қырық жылға жуық еңбек жолында өзінің табиғи талантымен, жаңашылдығымен, іскерлігімен әріптестеріне үлгі ғана емес, сонымен қатар ақылман, сүйеніш, тірек бола білген ұлағатты ұстаз Базарбай Жаманқұловтың есімі көптің жүрегінен ұмытыла қойған жоқ. Ол кісінің өзі өмірден озып кеткенімен ұлттық мектептің оқу процесіне ендірген іс-тәжірибесі, тасқа басып қалдырған ғылыми еңбектері ұрпақ қажетіне жарап келеді.
Ол кісі математик болатын. Есеп ғылымын ерек меңгерген жанның өз ғұмырының әр сәті мағынаға өріліп, өнегелі өрнектелуінің оның төл мамандығын терең меңгеруінің басты өлшемі болса керек. Әр қадамы логикаға, нақтылыққа, дәлдікке жүгінген Базарбай ағаның ғажайып ғұмырдариясы оны осы биіктен таныта білді.
Базарбай ағаның өмірден озғанына биыл он жыл болады екен. Соған орай өзі 28 жыл басшылық еткен туған жердегі білім ұясы ұжымы еске алу кешін өткізіп, сол шараға арнайы қатысып қайттық.
Төменарық ауылындағы №223 орта мектеп залы арнайы безендіріліп, фойеде ұстаз өмір жолына арналған көрме ұйымдастырылыпты. Базарбай Жаманқұловтың республикалық, облыстық газет-журналдарға және салалық мерзімді басылымдарға шыққан материалдарымен таныстық.
Орта мектептен соң 1958 жылы Қызылордадағы Н.В. Гоголь атындағы пединституттың физика-математика факультетіне оқуға түсіп, мамандық алып шыққан ол еңбек жолын №184 мектепте ұстаздықтан бастаған екен. Одан әрі №53, №162, №223 мектептерде мұғалім, одан әрі мектеп директоры болды.
Ол осы білім ордасын басқарғанда «Облыстағы ең таңдаулы мектеп» атанды. Ал өзінің жеке ұстаздық лабораториясына келсек, сол жылдары республикалық «Үздік сабақ» байқауының жүлдегері атанғанын айту жеткілікті.
«Ұлағатқа толы ұстаздық жол» атты кештің негізгі ұйымдастырушылары қатарында аудандық білім саласы ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аллаберген Ахметов алдымен сөз алды. Одан әрі аудандық білім қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасы Елшібек Мелдебекұлы құттықтау сөзін айтып, ұстаздың жары, өзі де көп жылдар ұрпақ тәрбиесіне тер төккен тәлімгер Қаным апамыздың иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Ауданның ағарту саласында 950 ардагер болса, соның 638-і мұғалім, қалғаны кіші қызметерлер, Оларды әлеуметтік қолдау шараларына жіті көңіл бөлініп келе жатқанын айтты. Аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі Нұргүл Аширова Базарбай ағаның сол сексенінші-тоқсанынышы жылдардың өзінде жан-жақты ізденіп, жаңаша оқыту әдісіне бет бұрып, ауданның білім сапасын арттырудағы айрықша орнына тоқталды, Кеңестік білім беру жүйесінің әдіс-тәсілдеріін зерттеп, жаңа бағдарламалардың моделін ендіруі нәтижесінде ол басқарған мектептің аймақ бойынша алдыңғы қатардан танылғанының куәсі екенін айтты. Кейін кембридждік методика деп әдіптелген жаңа технологияны сол кездің өзінде сабаққа ендірген ұстаздың тәжірибесімен республикалық байқауға қатысқанында комиссия құрамында болған ресейлік мамандардың: «Шалғай ауданның бір түкпіріндегі ауылда осындай озық сабақ беру технологиясын қалай меңгерген?» деген таңданысы туралы да айтып берді.
Базарбай Жаманқұловтың артында қалған ұрпағы әке тағылымын тірілту мақсатында 8-10 сыныптар арасында математикадан аймақаралық байқау өткізуді мақсат етіпті.Шара барысында мектеп директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Асқар Дүйсебаев сөз алып, өзінің ұстазы, «ҚР халық ағарту ісінің үздігі» Базарбай Жаманқұлов туралы естеліктерін ортаға салды.
– Мен ол кісінің алдымен шәкірті, содан соң әріптесі ретінде үлгі-өнегесін алдым, – деді ол. Дәстүрлі оқыту процесне бұрын-соңды болмаған «инновация» деген ұғымды алып келді. «Білім жүйесі бұлай тұра бермейді. Келешекте бәрі өзгереді. Мемлекеттермен тәжірибе алмасамыз» дейтін ол. Кейін ойлап қарасақ, ол кісінің айтқаны айдан-анық келді. Жаңартылған мазмұндағы білім беру көшіне ілестік. Ол кісінің «Келешекте біз ұлттық мазмұндағы мектептерге көшуіміз керек, жаһандану заманында ұлттық болмысымызды жоалтып алмауымыз керек» деген ой-армандары бүгінгі күннің өзекті тақырыбы болып тұр. «Әркім өзінің бас киімін бойы жеткен жерге іледі» дейтін ол кісі. Сен педагогсың. Сен басқалардан бір саты жоғары тұруың керек. Ұстаз статусын көтеретін ұстаздың өзі» деген кеңестерінің бүгін де маңызы бөлек, – деді ол.
Сонымен жүлдегерлер қатарында 8 сынып оқушысы Аделя Бегалиева (жетекшісі Жаңагүл Опашева), №221 мектеп оқушысы Ерасыл Әбдраманов, (жетекшісі Беспай Шолпан). №52 мектеп оқушысы Мұхаметқали Нұрислам (жетекшісі Өмірбек Нағима), №223 мектеп оқушылары Аяулым Нысанбекова және Несібелі Мұсалимова, №162 орта мектеп оқушысы Қарақат Есенбек және №52 мектеп оқушысы Ақылбек Рамазан, №53 мектеп оқушысы Назым Тұрғанбек есімдері аталып, заттай сыйлықтар тарту етілді.
Ұстазға деген сағыныш шәкірт жүрегінде мәңгі сақталады. Осы мектептің ұстазы Қанат Жүрсін сөз алып, өздерін шығармашылық тұрғыда дамытуда ғылыми бағдар берген ұстаздың бейінді оқыту мәселесіне сол кезде дем бергенін айтты. Ұстаз ғана емес, туған жердің түлегі ретінде ауыл жағдайы, мал жайылымы, балалар ойнайтын жасанды газондар салу мәселесінде мінберлерде мәселе көтерген азаматтығына тоқталды.
Келесі кезекте Базарбай Жаманқұловтың сыныптасы Алматы қаласынан келген Шәріпбек Әуезов, әріптестері болған Жансейіт Пазылов, Әлиакпар Қансейітов, Есенгелді Ержігітов, Сансызбай Пазылов ағаларымыз сөз алып, замандас бейнесін жарқырата танытатын өткен күн естеліктерімен бөлісті. Ауылға жаңа мектеп салып беріп, оқу ошағын үздік мектеп қатарына қосқан тұлғаға зейнетке шығарда аудандық оқу бөлімі «Волга» автокөлігін сыйға тартыпты. Мұндай құрметке ие болған бірден-бір басшы Базарбай Жаманқұлов ағамыз еді.
Қандөз ауылында ұзақ жыл мектеп басқарған, бүгінде ел анасы Қарлығаш Бекмұханбетованың пікірі де осы мазмұнда өрілді.
– Мен 1985-2000 жылға дейін мектеп басқарғанымда үлкен педкеңестерде ағамен жиі кездесіп тұрдым. Ол кісі барлығымыздың ақылманымыз бола білді. Басшы қандай болса мектебі сондай. Базекең 74 жасында өмірден озды. Адам ұрпағымен мың жасайды. Артында қалған перзенттері аман болсын, – десе ардагер-ұстаз Әлиакбар Қансейітов ұстаздың ұлтжандылық қасиеттерінен мысалдар келтірді.
– Мен Базекеңнің қарамағында тәрбие завучы болдым, - деді Сансызбай Пазылов. Ол халықаралық деңгейде білім беру мен тәрбие жүйесі туралы зерттеп, соны іске асыруға мүдделі болды. Осылайша облыста ең алғаш туризм үйірмесін аштық. Үйірменің жас өрен ой-өрісін ашып, көзқарас көкжиегін кеңейтудегі маңызын түсіндіру оңай болған жоқ. Қаржы мәселесін де заңдастыруда көп ізденістерге барып облыстық білім басқармасына дәлелдей отырып, мақсатымызды іске асыра алдық. Осылайша біздің аудан үлгісімен облыс мектептерінің барлығында осы үйірме ашылып, жұмыс жасауға кірісті. Осы бағытта өткен облыстық байқауда қатарынан бес жыл мектебіміз үздік шығып отырдық. Ғылыми жоба бойынша Семейде 24 команда ішінен оныншы орын алдық. Ол кісі теоретик болса, мен практик болдым. Сондықтан да мен ол кісіге басымды иемін, – деді ардагер ұстаз.
Көп жылдар ұстаз болған, мектеп басқарған Есенгелді Ержігітов оқыған- тоқығаны көп, ішкі дүниесі бай, жаны таза әріптес жөнінде «Ол бардың емес, ардың жолында жүрді. Елдің қамы дегенде жүрегін беретін кісі еді. Қаншама ұрпаққа шарапаты тиді. Қазірде ізін басқан қызы Гүлмира ауданда ең озық орыс тілі маманы. Базекеңнің есімі осындай ізбасарлары барда өлмейді» деп лебізін білдірді.
Аққұм ауылындағы №221 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Батырхан Жоланов: Мен институт бітіріп келген соң Базекеңнің кеңесімен үш облыс көлемінде социолог-педагог болып істедім. Ол кісі мектеп жұмысынан қолы қалт еткенде ауыл зиялыларының басын қосып, елішілік мәселелерді талқылайтын. Ауылдың мәдени келбетін қалыптастыруда жастар тәрбиесін мықтап ұстауда мықты тетік деп санайтын аға буын өкілдерімен жиі кеңесіп отыратын. Аудандық басылым – «Жаңақорған тынысы» газеті бетінде ұлттық салт-дәстүрлердің құндылығы, тіл тазалығы туралы жиі мақала беріп отырды» десе, тағы бір шәкірті, кейін өзі де білім ошағын басқарған ұстаз Еркін Өтебеков:
– 2008 жылы Астанада тәрбие концепциясына байланысты жиналыс өткен еді. Сонда орта мектептерге арналған Тәрбие тұжырымдамасы туралы таныстырылым өтті. Білгеніміз, авторының бірі – біздің Базарбай ағамыз екен. Кеудемізді мақтаныш кернеді. Базекең білім саласында өзінің орнын белгілеген кісі. Болашақты да осындай азаматтыққа тәрбиелей білді» деді ол.
Сонымен қатар, бүгін жасы жетпістің бесеуіне толып отырған ел анасы Ханым апамыз он жеті жасынан бастап қол ұстасып, жарық өмірдің қызығын да, шыжығын да бір көреміз деп серттескен ері Базарбайдың өзі болмаса да көзіндей ұл-қыздарының ортасында шаңырағының түтінін түтетіп отыр. Базарбай Жаманқұловтың ұстаз ғана емес, ғалым, өзінің терең біліктілік, бойға біткен ерек дарынымен қоғам өміріндегі өзгерістердің алдында жүріп, кейінгі толқынға жөн-жоба көрсете білген кісі.
Төменарық ауылындағы ағаның қарашаңырағында отын маздатып, немерелер қызығына бөленіп отырған Ханым апаға арнайы жолығып, сыр тарқатқандағы ойымыз, бақытты ғұмыр сүрген жұбайлардың жарасымдылық өмірдің кіілтін кейінгілерге өнеге еткіміз келді.
– Базекең 1963 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың математика факультетін бітіріп, біз тұратын Шиелі ауданының Еңбекші ауылындағы мектепке үш жылдық жолдамамен жұмысқа келді, – деп бастады Ханым апа әңгімесін. Менің мектеп бітіріп жатқан кезім, екеумізді тағдыр табыстырған шығар, бір көргеннен көңіліміз жарасты, – дейді. Сөйтіп мәңгілікке қол ұстасып, бір болуға серттесіпті.
Бұдан алпыс үш жылын бұрын қос ғашық бас қосқанда ырғалтып-жырғалтып той жасайтын кез емес, ел тұрмысының енді аяқтан тұрып жатқан кезі, қатықсыз қара көжені талғажау қылса да қабақтары жадыраңқы, өмірлеріне риза еді. Иш-щай деспей жарты ғасыр өмір сүріпті. Құдай қосқан қосағы бір кездері есесі кеткен осы кемдіктің орнын толтырудың есебіне келгенде «Ертең, құдайқаласа, екеуміздің бас қосқанымыздың елу жылдығында саусағыңа жарқыратып жүзік тағып, төрімнің тағында қатар отырып, бір тойлармыз-ау» дейтін. Ол арманына жете алмады, елу жылға бір жыл жетпей жан жары бақи дүниеге озып кете барды.
Ауыл мектебінде мұғалім, одан әрі оқу ісі жөніндегі меңгеруші болып қызмет атқарған жігіт қалыңдық осы елден бұйырып, үйлі-жайлы болғаннан кейін ата-анасының жайымен Төменарыққа жақындап, сол кездегі кеншардың «Коммунизм» бөлімшесіндегі №162 мектепке мұғалім болып орналасады. Ол бұл мектепке келген соң да өзінің қосымша қоғамдық қызметі – көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысына жетекшілік етіпті. Ауыл мектебінің өнерпаздарынан оркестр ұйымдастырып, республикада өткен байқауда ансамбль мүшесі Салтанат Сейілқызының жүлдегер болып оралғаны ұмытылмайтын жетістік еді.
Жақсы ұйымдастырушылық қызметімен көзге түскен бұл азамат №193 Байкенже ауылындағы мектепке жіберіліп, онда жеті жыл қызмет атқарыпты. Туған ауылы – Төменарықта жаңадан сегізжылдық мектеп ашылғанда соның директорлығына тағайындалды. Ол мектепті орта мектепке айналдыруда қыруар жұмыстар атқарыпты. Базарбай Жаманқұловтың осы аталған №223 мектепті облыста алдыңғы қатарлы білім ұясына айналдырудағы ізденісті еңбектері ел аузында әлі де айтылады.
Мектептің білім беру саласындағы іс-тәжірибесі, көрсеткіштері жоғары бағаланып, «Облыстың таңдаулы мектебі» дипломымен, «Шығармашыл мектеп», «Жылдың таңдаулы мектебі», республикалық «Үздік сабақ байқауының жүлдегері» дипломымен марапатталыпты. ҚР Халық ағарту саласының үздігі төсбелгісіне ие болған.
Ол кісінің тәрбиесін алған қызметкерлер қатарында бүгінде зейнеткер Айсұлу Оспанова былай дейді: «Базарбай аға әрбір жас ұстазға білмегенін үйретуден жалықпай, сол жасты болашақта кәсіби маман етіп шығаруға барын салатын. Ешуақытта дауыс көтеру, қызметтік дәрежесін пайдалану ол кісіде әсте бооған емес. Осындай ұстаздың керемет мектебінен өткенімді өзіме бақыт санаймын. Менің пікірім, өзі негізін қалаған, ұзақ жыл тер төгіп, республикаға танымал еткен ауылдағы №223 мектебіне осы кісінің есімі неге берілмейді? Осыны жергілікті басшылық қаперге алып, жанды жұмыс болса дейміз».
Бұл мәселе жөнінде Ханым апамыз ауыл басшылығын құлағдар етіп келеді. Енді Төменарық халқы болып осы ниет іске асып жатса нұр үстіне нұр.
Ол кісі баянда, домбырада жақсы ойнаса, Ханым апаның халық әндерін сызылта орындайтын әдемі дауысы бар, жұптасып шырқағанда ел таңырқайтын ұқсайды. Бұл туралы: «Ескендір Хасанғалиевтің «Ескірмейтін махаббат» деген әні осы біздің терең сүйіспеншілігімізді дөп басқан сырлы бояуымен көңіліме ыстық. Махаббат деген күйдім-сүйдім емес, не қиындықты да бірге жеңуге серттесіп, қатал өмірдің ағысына қарсы тұра білу, ең бастысы, бір-біріңді түсіну екен. Арман-қалауын айтқызбай-ақ қабағынан танып, жарты ғасыр қызметіне жарағанымды көңіліме тоқ санаймын. Түзде жүрген ер адамның үйдегі бар міндетін қоса атқарып, бала тәрбиесімен басы бүтін өзім айналысып, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасадым. Міне, сондықтан да ол кісі ұстаздықтан бөлек ел руханиятына қыруар үлес қосып кетті» – дейді апамыз.
Десе дегендей, Жаманқұлов Базарбай ағаның мерзімді басылымдарда философиялық пайым-парасатқа толы ой-тұжырымдары жиі жарияланып тұрды. Мамандығы математика пәнінің мұғалімі болғанымен неше жылдық тәжірибесін негізге ала отырып, ата-бабамыздың қалдырып кеткен ұлттық құндылықтарын озық елдерден алған тәжірибемен байытып, тәрбие жүйесін қайта қарастырып, жүйелі практикалық формаға келтіру бағытында көп ізденісті мақалалар жазды. Газеттің тұтас бетін айқара алып жататаын Базарбай ағайдың бір мақаласының өзі ғылыми диссертациялық еңбектің жүгін көтере алуымен маңызды-тын. Түрлі тақырыпты қозғады. Қазір ойлап қарасақ, ол өзі өмір сүрген қоғамнан он-жиырма жылға ілгері озық ой топшылауларымен биік тұр екен. Соның негізгі түйініне келсек, сана тазармай бізді қоршаған әлем тазармайды дегенге саятын.
Базарбай Жаманқұлов өмірінің соңына дейін жантану ғылымын терең зерделеген кісі. Ол кісінің редакциямызға соңғы келгенде берген сұхбатында : «Физикалық әлем – асқақ сезімнің, қиялдың әлемі. Өйткені біздің физикалық денеміз адам санасы мен тіршілік санасының біріккен көрінісі. Шын әлем біздің психикалық әлеміміз. Жер бетіне ядролық соғыс, экологиялық апаттар ғана емес, адамның жарымжан санасы да қауіпті, өйткені негізінен материалистік санамен өмір сүретін адамзат рухани құндылықтарды мойындамайды. Үшінші мыңжылдықта ғылым, адамгершілік, имандылық құндылықтары ғылымиланған жағдайда ғана адамзат өз мәнін түсініп, өзін-өзі тануға қабілетті болмақ. Ми қызметі адам үшін маңызды. Физикалық әлемдегі өмір қамымыз үшін сол жақ бөлігімен (логика) ойланамыз. Мидың оң жақ бөлігі арқылы рухани кеңістікке жол тапқан адамдар да жоқ емес, бірақ өте сирек. Сала ғалымдары тек логикамен өмір сүру әлсіздік дейді. Адамдардың үнемі бір-бірінен қорқып жүруі, бір-бірін сенбеуі жалғыздықта күйзелуі жетілудің, толыққанды адамдықтың көрінісі емес. Физикалық әлемге бой ұрған әлсііздіктің белгісі. Адам оң жақ ми бөлігін іске қосқанда ғана толыққанды адам дәрежесіне көтеріледі. Осы жерде біздің ата-бабаларымыздың оң мен сол туралы айтқандары ойға оралады. Олар «Оң қабағым тартты», «өзі бір оңды жан екен», «оң болсын», «оң мен солын танитын жасқа жетіп қалды», «айы оңынан туыпты», «сол жағыңмен тұрғандай ашулысың ғой», тағы осылай тізбектей беруге болады. Жазуды да оң қолымызбен жазып, асты оң қолымызбен алатынымыз, босағаны оң аяғымызбен аттап, кіретініміз дала философиясының озықтығынан хабар береді.
Біз күнделікті өмірде интуицияны қолданамыз. Оның қазақша баламасы – түкпіргі сана. Адамзаттың қалыпты санасы сол санадан өрбитін сөз құдіреті аоқылы белгілі бір материяға бағытталса онда оның физикалық құрамын өзгерте алады. Бұған бата беру, тасаттық жасау, тағы сол сияқты әрекеттерді атауға болады, – деген болатын. Мұғалім өзін-өзі қалай жетілдіру керек? Әрбір ұстаз құндылықтарды сабақта қалай пайдаланады? Осы жөнінде ізденумен өткен ұстаз Абай айтқан «Баланы ең әуелі мейір шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы болуға – еңбекке баулу қажет» деген өсиетті іс жүзіне асыруға тырысты. «Кешірім сұрау – бақыттың баспалдағы. Адам қателікті кешірсе екі есе сұлу». Осы қағиданы қастер тұтқан ұстаздың жарынан Базекеңнің әке ретіндегі қадір-қасиетінің қандай болғанын айтып беруін өтіндік.
– Ол еш уақытта балаларға дауыс көтеріп сөйлеген емес. Тәрбиенің барлығын өз өнегесімен көрсетті. Үйге қамығып келген жанның жадырап шығуына бар қолынан келгенінше жағдай жасауға тырысты. Мектепке кадр қабылдағанда барынша жоқ-жітік, жетім-жесірдің мұң-мұқтажын бірінші кезекке қойды. Пара алу дегенді өмірінде білмеді. Өзімен иститутта бірге оқыған құрдасы Әбдіжәлел Бәкірдің «Неше жыл директорсың, әлі ескі үйде отырсың» деп әзілдегені бар. Бұл үйдің бақыты байлықта емес, басқада, қолынан келсе адамдарға жақсылық жасап, қуанта алса Базекең соған екі есе қуанып, бойына қуат даритынын мен жақсы білетінмін. Сондықтан мен де ананы тап, мынаны жеткізіп бер деп мазасын алған емеспін, - дейді аға шаңырағының шырақшысы.
Бұл кісі Социалистік еңбек ері Ұлбала Алтайбаеваның сіңлісі болады екен. Әкесі Ілияс Алтайбаев «Еңбекші» колзозының негізін қалап, төрағасы болған. Қазір ол кісінің атында ауылда көше бар екен. Ханым апамыз он бір құрсақ көтеріп, соның тоғызы есен-сау ер жетті. Қазір кенже ұл – Шыңғыстың қолында тұрып жатыр екен.
Ханым апа ерінің ел-жұрты арасында сөзі өтімді, беделді болғанын айтады. Бұған мынадай мысал келтірді.
«Бір күні түнде жүрегі ауырып, дәрі қабылдап демалуға жатқаны сол, біреулер терезені ұрып тұр. Ауылдағы ағайындардың бірінің үйіне келін түсіпті. Қыз келіскен соң алып қашып келгенге ұқсайды. Бірақ қалыңмалы дайын болмай қыз жақ қайтып алып кетпекке бекініп отыр екен. Соған Базекең барып, екі жақты бітістірсе дейді. Жағдайына қарамай үйден шығып кеткен. Барлығы ың-шыңсыз біткенін айтып келді. Өйткені қыз жақтың әке-шешесі Базекеңнің өзі келген соң меселін жыға алмай, келісімге келдік депті. Бұл кісіні көпшілік осылай сыйлайтын. Өйткені ауылдағылардың басым көпшілігінің қадірменді ұстазы, жақыны, жанашыры еді ол. Сондықтан көп жерде болысып, ауыл басшыларына да айтқанын өткізіп, қарапайым еңбек адамдарының сөзін сөйлеп, мерейін көтеруге барын саоып жүретін, – дейді жан жары.
Екеуінен тараған ұл-қыздарынан тұңғыштары Гүлнар орыс тілі әдебиеті мұғалімі, Гүлмирасы да мұғалім, ұлдары Жүсіпназар еңбек және денешынықтырудан сабақ берсе, Абайы тарих пәні мұғалімі. Бауыржан су шаруашылық мекемесінде, Айгүл бастауыш мектеп мұғалімі, Айша аудандық емханада медбике, Шыңғыс жеке кәсіппен айналысса, Айгерімі ауыл ауруханасында медқызметкер екен. Ағаның жолын қуған немересі Мағжанның жоғары оқу орнының математика факультетінің түлегі екенін айтты. Ұстаздар әулеті деген атқа лайық Жаманқұловтар отбасы бүгінде елге сыйлы.
«ҚР Білім беру ісінің үздігі», ғалым-оқытушы, публицист Базарбай Жаманқұловты еске алу кеші асылды ұлықтаудың керемет көрінісіндей әсер етті.
Баян ҮСЕЙІНОВА
