Kyzylorda-news.kz.  Бүгін аудан әкімі Асылбек Шаменовтың қатысуымен “Қайырымдылық – жүректен” атты қайырымдылық акциясы өткізілді.

Шараның алғашқы сөзін аудан әкімі Асылбек Шаменов алып, елімізде орын алған індет кезінде қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған, бүгінгі қайырымдылық акциясына атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

“Елімізде орын алған індет кезінде де ауруханаларға, тұрғындарға дәрі-дәрмек, медициналық аппарат, азық-түлікпен қол ұшын созып, қолдау білдіріп, бастама көтерген азаматтар бар. Бұл – елдің ауызбіршілігі мен ынтымағының белгісі, аудан жұртшылығының кең пейілді мәрттігі мен дархан көңілінің дәлелі. Бүгінгі шараға атсалысқан барша азаматтарға, іскер адамдар мен мемлекеттік, қоғамдық ұйым өкілдеріне, мәрт мінезді аудан жұртшылығына алғыс білдіреміз”-деді Асылбек Өмірбекұлы.

Шарада аудандық “Иманқұл” мешітінің бас имамы Айбек Мадиев сөз сөйлеп, қайырымдылық жасаудың игі амал екенін айтты.

Қайырымдылық акциясынан 2 млн 305 мың теңге түсті. Бұл қаражатқа 120 отбасыға азық-түлік және қатты отынмен көмек көрсетілетін болады.

Жыл басынан бері ауданда 65 қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, аудандағы қайырымды жандармен 1325 адамға 28 млн 500 мың теңгеге көмек көрсетілді.

Тағы да оқыңыз: