Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласымен қатар дамыған Тасбөгет кентінде ауқымды жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі – жаңадан салынатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Оған облыстық бюджеттен 542,1 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, биыл кенттегі 41 көшені жөндеуге облыс және қала бюджеттерінен 833,7 млн. теңге қаржы қаралды. Бұл қаражаттарға жалпы ұзындығы 28,8 шақырымды құрайтын көшелерге асфальт қабаты мен қиыршық тас төселетін болады. Жергілікті бюджеттен бөлінген 15 млн. теңгеге «Шауқаман бағы» да абаттандырылып, халыққа қолайлы жағдай жасалынады.
Тасбөгеттік кәсіпкерлер инвестиция құйып, кенттің кіре-берісінен 130 пәтерлі көпқабатты үй салуда. Ал, 2021 жылы жалпы құны 1 млрд. теңгеге 5 қабатты 53 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бастаған «Фирма «МТО-Центр» ЖШС-гі нысанды мамыр айында пайдалануға беруді жоспарлауда. Бұл жұмыстармен бірге орталық саябақ жанынан 200 млн. теңгеге «Құддыс Ишан» мешітінің жаңа ғимараты бой көтеруде. Тағы бір жоба, «AЭS and Limited» ЖШС-нің демеушілігімен 100 млн. теңгеге Сабалақ саяжайына табиғи газ желісін тарту жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Жарқын жобалардың жүзеге асуына сәттілік тілеген тасбөгеттік ағайын шаһар басшысына алғыстарын білдірді. Кездесуден кейін қала әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныс-тілектерін тыңдады.

