Kyzylorda-news.kz. Жыл сайын елімізде 23 маусым күні Қазақстан Республикасының полиция күні мейрамы аталып өтеді. 1992 жылы «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары» туралы Заңы қабылданды. Бұл Қазақстан полициясының істері мен қызметін анықтайтын бірінші актісі болып табылады. Ал, 2007 жылы Мемлекет басшысының жарлығы бойынша 23 маусым – полиция күні деп ресми түрде бекітілді.

Полиция – елдің қорғаны. Олардың жұмысы уақытқа бағынбайды. Ел тыныштығын күні-түні күзетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Төнген қауіпті ауыздықтауда жанын қияды. Олай болса, қазақ полициясы қандай құрметке болса да лайық екенін ескеріп, төрден орын берілуі тиіс. Кәсіби мерекелері қарсаңында Қазалы аудандық полиция бөліміне барып, ұжым мүшелерінің жұмыс барысымен танысып, бөлім бастығы Асылбай Аңсатовпен сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Асылбай Шудабайұлы, төл мерекеңіңзбен. Әңгіме басын, мамандығыңыздан бастасақ. Құқық қорғау саласында қызмет ету бала күнгі арманыңыз ба әлде кездейсоқ келіп қалдыңыз ба?

– Рақмет! Әр баланың көкейінде түрлі тілек жатады ғой. Сол секілді оқушы күнімнен форма киген полицейлерге қызыға қарап өстім. Іштей «болашақта мен де осындай боламын» деген арман пайда болды. Туған жерім – Қызылжар ауылындағы №81 орта мектепті бітірген соң, алға мақсат қойып, Қызылорда қаласына оқуға аттандым. Қызылорда экономика-экология және құқық академиялық университетінің түлегімін. Мамандығым заңгер. 

–Еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Құқық қорғау саласына 2008 жылдан бастап келдім. Алғашында жергілікті учаскелік инспектордың көмекшісі болдым. Жедел уәкіл қызметінен жедел жұмыстар жөніндегі орынбасар қызметтеріне сатылай көтерілдім. 

– Осы уақытқа дейін жұмыс барысында түрлі қылмыстың бетін ашып, бірнеше қылмыскермен бетпе-бет келдіңіз. Сіздің тәжірибеде адамдар қандай қылмысқа жиі барады? 

– Әртүрлі. Нақты мынадай қылмысқа жиі барады деп кесіп-пішіп айтуға келмейді. Бір қуантарлығы соңғы уақытта тонау мен қарақшылыққа баратындар саны азайып келеді. Көбінде ұрлық жасап, қолға түсетіндер саны салыстырмалы түрде өзге қылмыс түрінен басымырақ. 

– Полицей бойынан қандай қасиеттер табылуы тиіс? 

– Қылмысты ашуда, тұрғындардың қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Полиция қызметкері болу үшін білім, білік, білек пен сабыр, темірдей төзім әрі қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу де аса маңызды. Ұстамды, сыпайы болу, азаматтармен тіл табыса білу ең бірінші кезектегі мәсле. 

– Ауданның полиция бөлімі басшылығына келгеніңізге аса көп уақыт болмады. Дегенмен «мынадай жобаны жолға қойдық» деп нені айтар едіңіз?

– Криминагенді ахуалды тұрақтандыруда біршама жұмыстар атқарудамыз. Аудандық мәслихат депутаттары, әкімдік қызметкерлері, прокуратура саласының өкілдері, қоғам белсенділерімен біріккен рейдтік топ кешкі уақытта күделікті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұдан бөлек жоспарға сай «Мал ұрысы», «Борышкер», «Мас жүргізуші – қылмыскер», «Заңсыз келуші – 2023», «Есірткісіз аймақ», «Қарасора – 2023», «Жасөспірім» және тағы басқа жедел профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. 

– «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша қандай іс-әректтер орындалуда? 

– Бізде 32 учаскелік инспектор бар. Өздеріне бөлінген әкімшілік аймақ тұрғындарымен ортақ чат арқылы байланысып, жоспарға сай жұмыстар атқаруда. Полиция – халықтың қорғаны. Сондықтан әрбір тұрғын келеңсіз жағдайға тап болғанда алдымен маңдай тірейтін, көмек күтетін орны полция бөлімі. Осыны халық естен шығармағаны дұрыс. 

– Өткен жылмен салыстырғанда аудан бойынша қылмыс 10,8 процентке азайған деген мәлімет алдық. Қылмысты ашуда көбіне қандай кедергілерге тап боласыздар? 

– Есепті мерзімде Қазалы ауданы бойынша 58 құқық бұзушылық тіркелген. Оның 51-і қылмыс. Төрт аса ауыр қылмыс дерегі тіркелген. Оның біреуі сотқа жолданса, қалған 3 дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Адам өлтірумен 1 дерек тіркеліп, сотқа жолданып, соттан шешімін тапты. 19 ауыр қылмыс тіркеліп, оның 17-сі ашылып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу көрсеткіші 81,3 процентті құрап отыр. 

Қылмыс ашуда ешқандай кедергі жоқ. Жан-жақты жұмыс жасауға жағдай жасалған. Қызметкерлер, жергілікті учаскелік инспекторлар көлікпен қамтылған. 

– Топтық төбелес түп-тамырымен тиылмай тұрғаны жасырын емес. Бірнеше ай бұрын бүкіл елді сілкіндірген оқиға болды. Бұзақылыққа бой алдырған жасөспірімдердің жайы не болды? Бұндай келеңсіздіктің қайталанбауына қандай қарекет жасалуда? 

– Сәуір айының 4 жұлдызында сағат 14:00 шамасында Жалаңтөс саябағы ішінде №266, 70 мектептерде оқитын 9-10 сынып оқушылар төбелесіп бұзақылық қылмысы орын алды. Бұл бойынша 70 мектептің 10-сынып оқушысын ұрып соққан және сол жерде болған кәмелетке толмағандар бөлімге жеткізілді. Жәбірленушіні ұрып-соққан кәмелетке толмаған үш күдікті қатарындағы жасөспірім қамауға алынып, ҚР ҚК-нің 293-б. 2-б мен қозғалған қылмыстық іс тергелуде. 

Топтық төбелестердің алдын алу бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, төбелесуге бейім деген 17-29 жас арасындағы 93 маргиналды жас бөлімге жеткізіліп, олармен және олардың ата-аналарымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек мектеп жасындағы 30 жасөспіріммен профилактикалық түсіндірме жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар оқу орындарына оқушыларға, ата-аналарға жиындар өткізіліп, оларға видеороликтер көрсетіліп, түсіндірме жұмыстар жүргізілді. 

Есепті мерзімде құқық бұзушылық жасағандары үшін бөлімге 229 кәмелетке толмаған жеткізілді. Олардың 221-і әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар. Сондай-ақ жыл көлемінде бірнеше рет құқық бұзғаны үшін бір кәмелетке толмаған бала және алты ай ішінде тағы үш жасөспірім тізімдік есепке алынды. Аудандық сотпен үш құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленіп, бір баланың ата-анасы ата-аналық құқығынан шектетілді. Бейімдеу орталығына кәслетке толмаған бес адам орналастырылды. 

– «Есірткі екті» деген күдікке ілнгендерге қандай шара қолданылды? 

– Жыл басынан жедел уәкілдермен жедел іс-шаралар жүргізіліп, ҚР ҚК-нің 297/1 (сату дерегі) анықталды. Бұл қылмыстық істе күдікті қамауға алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды. 

Қылмыстық теріс қылық бойынша былтырдан өткен 2-теріс қылықпен қосқанда 5 қылмыстық теріс қылық  сотқа жолданды. Сонымен қатар есірткі затын ірі мөлшерде сақтау дерегін анықтау мақсатында және қазіргі таңда өтіп жатырған «Қарасора – 2023» жедел профилактикалық іс-шарасына байланысты есірткіні егу дерегімен жан-жақты мәліметтер жинақталып, ауданымыздағы құзырлы органдармен бірлесіп аралау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда «Қарасора – 2023» іс-шарасына сәйкес есірткі алқабымен 4 дерегі анықталып, 6 күдікті құрықталып, УҰИ-на қамауға алынды. Бұл бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. 

– Жол апатынан зардап шегетіндер жиілеп кетті. Бұл орайда Сіздің дерек не дейді? 

– Аудан көлеміндегі жол апаттарының саны 18-ден 13-ке, онда қайтыс болғандар саны 5-тен 4-ке, жарақат алғандар саны - 25-тен 12-ге  төмендеген. Адам өлімімен ұштасқан жол көлік оқиғаларының барлығы яғни 4-уіде «Шымкент-Самара» тас жолында орын алады. Жалпы Шымкент Самара тас жолында 5 жол көлік оқиғасы орын алып, онда 4 адам қайтыс болса, 2 адам әр түрлі дене жарақаттарын алған. 

Сол себепті, «Шымкент-Самара» трассасының бойына 6 дана «Абайлаңыз жануарлар» билборд қойылып, жол бойында орналасқан елді-мекендерге тұрғындар арасында үй жануарларын пада арқылы бағу, шағылыстырғыш белдіктер тағу туралы ауылдық округ әкімдерін міндеттедік.

Жол апатына тікелей септігін тигізетін, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзушыларды анықтау бағытында «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Мас жүргізуші қылмыскер», «Заңсыз қайта жабдықтау», «Құқық тәртібі» арнайы жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізіліп келеді. 
Ағымдағы жылдың бес айында көлік құралын масаң күйде басқарудың 33 дерегі анықталып, әкімшілік кодекстің 608 бабымен тиісті шаралар көрілді. Көлік құралын ешқандай құжатсыз басқарып жүргізген 172 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 612 (автокөлікті құжатсыз басқарған) және 230 (міндетті сақтандырудан өтпецй, автокөлік басқарған) баптарымен хаттамалар толтырылып, көлік құралдары ақылы айып тұрағына қойылды. Жалпы бүгінгі күнге дейін ақылы айып тұрағына әрттүрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін 461 автокөлік қойылған. 

– Сұхбатыңызға рақмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын.

Тағы да оқыңыз: