Kyzylorda-news.kz Заманымыздың әр кезеңінде кітапханашы деген ұғым жоғары болуы тиіс. Кітапханашы кітапханада кітапты қолға береді деген тар ұғым орнына, қоғамда кітапханашы мамандығының қажеттілігін мойындататын оң пікірлер мен көзқарастар қалыптастыру керек сыңайлы. Кітаптың құдіреттілігін терең түсіне білген жан ғана осы рухани ордада қызмет атқара алады. Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың әдеби шығармаларға деген қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына сай әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген ынта ықыласын көтеру жұмыстарын атқару.  

Заманымыздың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев кітапханашылар турасында «Мен кітапханашы ақыл, білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» дейді. Осындай міндетті алып жүрген жанның бірі – Т.Жүргенов атындағы №80 мектеп-гимназиясының кітапханашысы Гүлімжаз Бүрлібаева. 

Гүлімжаздың ойынша, бүгінгі кітапханашы – білімді, заманауи технологияларды жетік меңгерген, жаңашыл, оқырманды жан-жақтылығымен өзіне, кітап оқуға баурай білетін, талапшыл, адамгершілігі мол, мейірімді, қиын кезде сырлас бола білетін оқырманның шын жанашыр досы болуы тиіс. 

Кейіпкеріміз өз мамандығын сүйіп, жетік білетін, іс-тәжірбиесі мол, кәсіби ой-өрісі кең, іскер кітапханашы екендігі сөз саптауынан байқалды. Өзінің уақыт талабына сай әр іс-шараларды жаңаша ұйымдастырып, әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана отырып, оқушыларды шығармашылыққа жетелеп келеді. Күнделікті жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын ол оқушылармен тығыз қарым-қатынаста болып, олармен тез тіл табысатындығы кітапханаға кірген балаға мейірімділікпен қарауынан байқауға болады. 

– Жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі мақсат рухани дүниенің кітаппен тығыз байланысты екенін түсіндіріп айтамын. Оқушылардың ішкі дүниесін, өз ойларын, пікірін еркін жеткізуіне көңіл бөлемін. Әр оқырманның жүрегіне жол таба білу керек, әр балаға қызмет көрсету кезінде оның не оқитынын, нені оқығысы келетіндігіне жәрдемдесіп, әңгімелесу арқылы білемін, – дейді кітапханашы.
 

Жұмысына жауапты маман республика көлеміндегі мектеп кітапханашылары арасындағы «Табиғат аясында кітап оқу» тақырыбындағы семинарға қатысады. Онда көркем әдебиеттерді оқыту және насихаттауда кәсіби іс-шара көрсетіліп, 25 аймақтан келген 200-ден аса кітапханашылармен додаға түсіп, ІІІ дәрежелі дипломды иеленеді.  Талапты маманның бұдан да өзге жетістігі мол. Ол өз мамандығын ерекше жақсы көруінің себебін былайша түсіндіріп өтті. 

– Қай мамандықтың болсын өз ерекшелігі бар. Маған өзімнің мамандығым ұнайды. Бұл менің өмірімді арнаған сүйікті кәсібім. Балалармен жұмыс, олардың қойған сұрақтары, білуге, үйренуге деген талпыныстары мені шабыттандырады. «Бала тілі – бал» ғой. Олардың сабақтан шыға сала кітапханаға асығуы мені қуанышқа бөлейді. Қазіргі таңда салалық басылымдарға қарағанда әдеби басылымдарға сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде кітапхана қоры жаңа кітаптармен жақсы толығып отыр. Бүгінгі өсіп келе жастқан жас буынның кітапқа деген ынтасы өте жоғары. Оған себеп ұстазы мен үйдегі ата-ананың да бағыт сілтеуі деп білемін. Баламен балаша жұмыс жасау да оңай емес, дегенмен өз жұмысынан ләззат ала білген адам үшін аса қиындық тудырмайды. Менің мақсатым – бала санасына құндылық құю. Осы асыл мақсат жолында еңбектенуге ерінбеймін, – дейді Гүлімжаз.

 

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: