Kyzylorda-news.kz. Спорт – денсаулық кепілі. Осы қанатты сөз тек сөз күйінде қалмау үшін осыған дейін бұқаралық спортты дамыту мақсатында біршама бағдарламалар түзіліп, халыққа үндеу тасталды. Яғни жаппай бұқараны спортқа тартып, халық денсаулығын нығайту жолында қаншама спорттық шаралар ұйымдастырылып, тартысты бәсекелер өтіп келеді. 

Спортта тек адамның күші ғана сынға түспейді. Әрине, физикалық тұрғыдан дене қуаты да болуы керек. Әйтсе де ең бастысы, төзім мен сенім. Төзім кез-келген спорт түрлеріне байланысты ауыр да, қиын жаттығуларда қажет болса, сенім жеңіске жетелейді. Жалағаштық жеңіл атлет Гүлдана Қаппарованың бойында спортшыға тән осы екі қасиет те бар. Үнемі өзін шыңдап жүретін Гүлдана талай жарыстарда алдына қара салмаған жеңімпаз. Гүлдананың әрбір жеңісі жалағаштықтар үшін мақтаныш болса, оның әуесқой спорттағы жолы жастарға үлгі. 

Наурыз мейрамының қарсаңында Астана қаласында ҚР Жеңіл атлетика федерациясының ұйымдастыруымен ардагерлер арасында Қазақстан Республикасының II қысқы чемпионаты өтті. Чемпионатқа 35 жастан асқан еліміздің барлық аймағынан ардагер жеңіл атлеттер қатысып, бақ сынады. Осы додада Қызылорда облысының құрамасы нәтижелі өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Облыстық құрамадағы 9 спортшы қатарында жерлесіміз Гүлдана Қаппарова да бар. 

Ядро лақтыру, ұзындыққа секіру, жүгіріп келіп секіру, 400 метрге жүгіру секілді жеңіл атлетика түрлерінен сайысқа түскен жерлесіміз қарсыластарынан оза шауып, ядро лақтыру, ұзындыққа секіру және жүгіріп келіп секіруден 1 орын иеленсе, 400 метрге жүгіруден қола медалға қол жеткізді. 

Бұл әуесқой Гүлдананың алғашқы жетістігі емес. Ол осыған дейін де бірнеше рет облыстық және республикалық жарыстардың жүлдегері атанған. 

«Бұл менің ғана емес, ауданның қуанышы. Жалпы есепте құрама 28 алтын, 13 күміс, 4 қола медаль иеленді. Ал, құрамалар арасында өткен негізгі сайыс эстафетадан жүлделі 1-ші орын алып, Қызылорда облысының абыройын асқақтаттық. Әрине, жеңіс үлкен еңбекпен келеді. Тынымсыз жаттығуда тер төгіледі. Осы орайда жарысқа дайындаған жаттықтырушыларыма, қолдаған тілекші халыққа және де-меушілерге алғыс айтамын», – дейді Гүлдана Әділханқызы.

Бала кезінен спортты жанына серік етіп келе жатқан жерлесіміз қазіргі таңда Мәдениет ауылында Ілияс Қабылов атындағы №32 мектеп-лицейде дене шынықтыру пәні мұғалімі. Ол әріптестерінің арасында да абыройлы, шәкірт жүрегіне жол тапқан білікті ұстаз. 

Иә, Жалағаш ауданының спорт саңлақтары спорттың бірнеше түрі бойынша аймақ абыройын ғана емес, әлемдік аренада мемлекетіміздің туын желбіретіп жүр. Бірақ, ауданымызда жеңіл атлетикамен айналысатын азаматтар қатары өте аз, жоқ десек те болады. Тіпті жастардың жүгіргісі де келмейтін көрінеді. Әрине, ауылдарда жеңіл атлетикамен айналысатын спорттық алаңдар салынып, жағдай жасалса, аталған спорт түрімен шұғылданатын жастар қатары артатынына кейіпкеріміз кәміл сенеді. 

– Жеңіл атлетика кез келген жаста қолжетімді. Қартайғанша жүгіруге болады. Сонымен қатар бұл арзан спорт түрі, көп қаражат талап етпейді. Бүгінде мен отбасымды жүгіруге ынталандырдым. Олар күнде кешкі мезгілде жүгіруді әдетке айналдырған. Адамдар өз денсаулығы туралы ойлағаны және спортпен шұғылданғаны дұрыс, – дейді спортшы.

Гүлдана Қаппарованың қатысатын жарыстары да, жеңістері де әлі алда. Биыл Қазақстан бойынша тағы да бірнеше жарыс өтеді, онда да ол өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Ал, біз бүтіндей Сыр елінің намысын арқалаған жеңіл атлетші жерлесімізге алдағы бәсекеде сәттілік тілейміз.

Тағы да оқыңыз: