Kyzylorda-news.kz. Жалағаш аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде саналы ғұмырларында тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан ардагерлердің төл мерекесіне арналған мерекелік салтанатты жиын өтті.

Салтанатты жиынды аудан әкімі Асқарбек Есжанов ашып, барша Жалағаш ауданының қазыналы қарттарын төл мерекелерімен құттықтады.

«Қазір ауданда барлық мекеме ұжымдарда ардагерлердің бастауыш ұйымы бар. Осы ұйымдарда 4 мыңға жуық ардагерлеріміз тіркелген. Бұл біздің ауданымыздағы үлкен мәдени-рухани әлеуетіміз.
Сіздердің орындарыңыз қай кезде де төрде. Қарттарымыз қашан да, қай заманда да халқының тілеуқоры, қамқоры, елдің ертеңі үшін ел бірлігінің алтын діңгегі болған. Аталы да, ұлағатты сөзімен болашаққа деген сенім ұялатып, жас ұрпақты ертеңгі күнге, жарқын болашаққа үндей білген. Сіздер сондай киелі де кемеңгер ұрпақтың өкілдерісіздер», — деді аудан басшысы құттықтау сөзінде.

Шарада ауданымыздың дамуына, өркендеуіне өз үлестерін қосқан бірқатар ардагерлерге аудан әкімінің құттықтауы, Алғыс хаты табысталды.

Келесі құттықтау сөзді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев алып, қазыналы қарияларымызға облыстық, аудандық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттарын табыстады.

Жиын соңы қарттар күні мерекесіне орай өткізілген аудандық ардагерлердің ән байқауында өзіндік өнерімен ерекше көзге түсіп, оза шапқан үздіктердің, ардақты ардагер ата-әжелеріміздің концерттік бағдарламасына ұласты.

Тағы да оқыңыз: