**[Kyzylorda-news.kz.](https://kyzylorda-news.kz/) Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес осы жылдың ІІІ тоқсанында кент және ауылдық округтердің халықпен кездесулері жоспарланған. Осыған сәйкес Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов Аққыр, Жаңаталап, Мақпалкөл ауылдарының тұрғындарымен кездесті.** **Т.Жүргенов ауылының тұрғындары жайылымдық жер туралы мәселе қозғады** Кездесу барысында аудан басшысы алдағы уақытта ауылдарды дамытуға арналған жоспармен бөлісіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Аққыр ауылының тұрғындарымен кездесуде клуб салу, жарықтандыру, ішкі жол мәселесі, жұмыссыздық, жедел жәрдем көлігінің жаңаруы, аяқ су, амбулаторияға тұрақты дәрігер келсе деген ұсыныс-пікір білдірсе, жаңаталаптықтар жер мәселесі, аяқ су, интернет желісі, ауылдық клуб туралы мәселе көтеріп, шешімін табуға ықпал жасауды сұрады. Ал Т.Жүргенов ауылының тұрғындары жайылымдық жер туралы мәселе қозғады. Асқарбек Темірбекұлы тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайтынын жеткізіп, әрбір көтерілген мәселе жан-жақты қаралып, сала мамандарымен бірлесе отырып, шешу бағытында тиісті шаралар қабылданатынын айтты. Кездесуде аудан басшысы тұрғындар үшін қуанышты жаңалық Аққыр ауылын тіректі елді мекендер қатарына енгізуге жұмыс істеліп жатқанын,Мақпалкөл ауылдық округінде ішкі көшелер жөндеуден өтетінін, Жаңаталап ауылына клуб салуға келесі жылы жобалау-сметалық құжат әзірленетінін айтты. Ауыл ардагерлері өз кезегінде Асқарбек Темірбекұлының жұмысына сәттілік тілеп, батасын берді, елді ауызбіршілікке шақырды. Аталған кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Гүлзат Құрманбаева, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық салалық бөлім басшылары, ауыл тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Тұрғындармен кездесулерден кейін аудан әкімі Асқарбек Есжанов аталмыш ауылдардағы №188, №119, №117 мектептерге арнайы барып, білім ордаларының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты. **Аудан әкімінің кездесуі Аламесек ауылдық округінде жалғасты** Асқарбек Темірбекұлының ауыл тұрғындарымен кездесуі Аламесек ауылдық округінде жалғасты. Есет батыр атындағы мәдениет Үйінде өткен кездесуде ауыл тұрғындары электр желілерінің жөнделуін, көшелердің асфальтталуын, жеке шағын қожалықтарды біріктірсе деген ұсыныс-пікірлер білдірді. Асқарбек Темірбекұлы тұрғын үй секторының электр желілерін қайта жаңғырту үшін демеушілердің көмегімен жобалау сметалық құжат дайындалып, республикалық бюджет арқылы шешілетінін, 5 көшеге жобалау сметалық құжат әзірленіп, сараптамаға ұсынылғанын атап өтті. Ауыл тұрғындары жасалған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, батасын берді. Аудан басшысы кездесу соңында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. **Еңбек ауылының тұрғындары ауыл әкіміне алғыстарын айтты** Аудан әкімі Асқарбек Есжанов жұмыс сапарымен Еңбек ауылдық округіне барып, ауыл халқымен кездесті. Аудан басшысы ең әуелі ауыл тұрғындарымен жүздесу барысында газдандыру, жайылымдық жер, көше жарықтандыру мәселесін назарға алып, салалық бөлім басшыларына нақты тапсырма берді. > «Ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруға қажетті кез-келген мәселені саралап, алдағы уақытта оңды шешім шығарамыз. Алдағы уақытта газдандыру, 3 көшені жөндеу, жарықтандыру мәселесін қолға алып, тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелерді шешуге жұмыс істейміз», – деді аудан әкімі кездесуде. Ауыл халқы әр ай сайын халықпен кездесіп, олардың мәселесін, мұң-мұқтажын тыңдап жүрген аудан басшысына алғыстарын білдірді. «Батыр аналар» ансамблінің аналары да ілтипат білдіріп, құрмет көрсеткен аудан басшылығына алғыстарын жеткізді. **Аяқ су мәселесі шешімін тапса…** Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың ауылдарға сапары Аққұм және Таң ауылдарында жалғасты. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Аталған кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Гүлзат Құрманбаева, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық салалық бөлім басшылары, ауыл тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Өз кезегінде тұрғындар бірінші кезекте инфрақұрылымдық мәселелерді, оның ішінде жол, жарықтандыру, газдандыру, аяқ су мәселелерінің шешімін табуға ықпал жасауды сұрады. Аудан басшысы ауыл тұрғындарымен жүздесу барысында елді мекендегі кемшіліктерді назарға алып, салалық бөлім басшыларына нақты тапсырма берді. **Мырзабай ахун ауылында жаңа медициналық бекет ашылады** Аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі Мәдениет, Мырзабай ахун, Бұхарбай батыр ауылдарында жалғасты. Кездесу барысында аудан басшысы алдағы уақытта ауылдарды дамытуға арналған жоспармен бөлісіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Мәдениет ауылының тұрғындарымен кездесуде тұрғындар тарапынан ішкі көшелерді жөндеу, аяқ су, жер мәселесі, ауылдық мәдениет үйінің атын өзгерту, жайылымдық жер, ауылдан музей ашу туралы ұсыныстар айтса, мырзабайлықтар жер мәселесі, ауыз суға қатысты сауалдар жолдады. Айта кету керек, мырзабайлықтар үшін қуанышты жаңалық ауылда амбулатория мәселесі оң шешімін таппақ. Ал бұқарбайлықтар үшін ауылдағы 3 көшеге жөндеу жүргізіліп, 16 көше жарықтандырылады. Айта кетерлігі, Бұқарбай батыр ауылына кіре берістегі жол асфальттанып, жөндеуден өтті. Сонымен қатар алдағы уақытта шаруашылықтың демеушілігімен ауылда балалар ойын алаңы салынбақ. Асқарбек Темірбекұлы тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайтынын жеткізіп, әрбір көтерілген мәселе жан-жақты қаралып, сала мамандарымен бірлесе отырып, шешу бағытында тиісті шаралар қабылданатынын айтты. Ауыл ардагерлері өз кезегінде Асқарбек Темірбекұлының жұмысына сәттілік тілеп, батасын берді, елді ауызбіршілікке шақырды. Аталған кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Гүлзат Құрманбаева, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық салалық бөлім басшылары, ауыл тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. ![](https://kyzylorda-news.kz/wp-content/uploads/2022/08/299856667_1516712095447530_4224190679768772850_n.jpg) ![](https://kyzylorda-news.kz/wp-content/uploads/2022/08/299887941_1516711682114238_2100800761864155957_n.jpg) ![](https://kyzylorda-news.kz/wp-content/uploads/2022/08/299982447_1515855085533231_6059039432419485216_n.jpg)