Kyzylorda-news.kz. Жуырда еліміздің бас қаласы Астанада «Аспаз fest» өтті. Бұрын соңды Қазақстанда болмаған бірегей жобаға қазалылық қос жерлесіміз Айжан Исаева мен Айман Ермекова есімді бармағынан бал тамған аспазшыларымыз қатысып,төбе көрсеткен еді. Осы орайда 250-ден астам аспазшылардың басын қосқан үлкен фестивалге барып, ерекше әсермен оралған жерлестеріміз жаңалықтарымен бөліскен еді. 

Аспаздық салада бірнеше жыл бойы қызмет етіп келе жатқан қос ару бүгінде аудан халқына тіл үйіретін тағамдарды ұсынып, көптің ықыласына бөленіп жүрген жайы бар. Тұтынушылардың сұранысына қанағаттандыруда тыным таппай, жұмыстанғандығының нәтижесі болса керек, елімізде алғаш рет ұйымдастырылған шарада үздік аспазшылардың арасынан табылып, еңбектері ескерусіз қалмады. Осындай шараның бір бөлігіне айналған аспазшылар бұл жетістіктерінің құпиясын үнемі ізденісте жүретіндіктерімен байланыстырады. 

«Аталған фестивальге шақырту алғанда ерекше қуандым. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Үздік аспаздармен бір ортада болу, олармен тәжірибе алмасу көптен ойда жүрген дүние еді. Шақырту келгенде ойланбастан бас қалаға қарай тарта жөнелдім. Себебі бұл шараның аспаздар қауымы үшін маңызы зор. Неге десеңіз, аспаздық сала елімізде әлі де болса кенжелеп тұр. Дегенмен табыссыз сала деп айта алмаймын. Тек қынжылтатыны елімізде аспазшыларға деген көзқарас әлі де жолға қойылмаған. Ал кешегі өткен фестиваль аспазшылардың мәртебесін көтеріп, оларға ерекше қолдау көрсету үшін қолға алынған жоба деуге болады. Осындай шаралар көпшілік арасында қалыптасқан ескі стереотипті жойып, бұл мамандықпен үлкен табыстарға жетуге болатындығын көрсетеді. Біздің де мерейімізді өсіріп, қуанышқа бөледі. Осы орайда аспазшыларға көрсетіліп жатқан ерекше құрметі үшін ұйымдастырушыларға ерекше алғыс айтқым келеді», – дейді Айжан Таупикқызы. 

Ал баламен үйде отырып, кейін аяқ асты аспаздыққа бет бұрған Айман Ермекова табысты аспаздармен иық теңестіріп, фестивалге қатысқанына ерекше қуанғандығын айтып, алған әсерімен былайша бөлісті.

«Бұл саланы кәсіби түрде меңгермесем де, қазір тұрақты айналысатын мамандығыма айналды. Соңғы 10 жылда осы салада үздіксіз еңбек етіп келемін. Сол еңбегімнің жемісі лайықты бағасын алып, фестивальге шақырту алдым. Жаңа ортада болып, өз ісіне адал аспаздармен танысып, ерекше толқыныспен елге оралдым. Мұндай жоба елімізге керек-ақ. Себебі аспазшылардың жұмысы үнемі сахна сыртында. Аспаздың қолынан шыққан тағамнан дәм татушылар олардың жұмысының бергі жағын көреді. Ал олардың қызу еңбегі асханада көрініс табады. Бұл көпшілік үшін көзге көрінбейтін жұмыс. Деседе бас қалада өткен фестивальде аспаздарға деген ілтипаттың жоғары екендігін жүрекпен сезіндік. Сол кеште шиырма артында жүретін нағыз майталмандардың еңбегі бағаланып, серпіліске толы сәтті басымыздан өткердік.Аспаздардың еңбегі оңайлықпен келмейтіндігін жұртшылыққа дәріптеп, олардың да қоғамда өзіндік рөлі бар екендігін халыққа кеңінен танытып жатқан «Аспаз fest» жобасының авторы Махаббат Тоғызбаева ханымға ерекше ризашылығымды білдіргім келеді», – дейді Айман Айман Баянбекқызы. 

Қос жерлесіміздің ауыз толтырып, ерекше ықыласпен баяндағанынанаңғарғанымыз, бұл фестивалді қазақстандық аспазшылардың ортақ жеңісі мен жемісі деуге болар. Мұнда аспазшылардың алдыңғы және кейінгі буыны бір жерде тоғысып, биігі мен алған бағытын, жағымды жаңалықтарын бөлісіп, бір-бірінің қуанышына ортақтасты. Аспазшыларға стимул сыйлайтын бірегей жобадан жаңа серпінмен оралып, тағамдарымен талайды тамсандырып жүрген жерлестеріміздіңжетер жетістігі бұдан да көп болсын деп тілейміз. 

Айта кетейік, еліміздің он алты облысынан жиналған жобаның ерекшелігі сол әр өңірден келген аспазшылар белгіленген түстер бойынша киініп, қызыл кілем үстімен жүріп өткен. Сондай-ақ сән-салтанатқа толы кеште арнайы сертификатпен марапатталып, құрметке бөленді.

Тағы да оқыңыз: