Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов «Орман шаруашылығы қызметкерлері күні» мерекесіне орай сала ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдады.
Жалағаш ауданында 769,5 мың гектар орман қорын күтіп-ұстауға 56 жұмысшылар қызмет етуде. Олардың тынымсыз еңбегінің арқасында ауданның орманмен қамтылған жерлердің аумағы биыл 255 мың гектарға артты.
«Орманшы - табиғатқа қорғаншы» десек, жаңылмаймыз. Табиғатты қалай болса, солай пайдалану оның тепе-теңдігін бұзып, экологиялық тұрақтылыққа кері әсер етеді. Сол үшін мемлекеттің баға жетпес байлығы – табиғатты қорғап, көгалдандыруда орманшының алар орны бөлек. Тыныс-тіршілігіміз үшін маңызы зор саланы нығайтуда сіздер білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде өзгелерге үлгі-өнеге болып, ауданның экологиялық ахуалын жақсартып, көгалдандыру мақсатында еңбек етіп келесіздер», - деді аудан басшысы құттықтау сөзінде.
Мерекелік қабылдауда Асқарбек Темірбекұлы сала қызметкерлерін марапаттап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Орманшы болу оңай емес. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығына шыдас беріп, әрбір түп талдың бой алып кетуіне, аң құстың амандығына тікелей жауап береді. Сыр елінің табиғатын, орманды сақтап, қорғау үшін әрі қарай да аянбай еңбек ете беретіндеріңізге сенім білдіріп, қиындығы мен қызығы қатар жүрген еңбектеріңізге толайым табыс, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілеймін», - деді аудан басшысы.
Сала ардагері Айтбай Шегебаев та қабылдауда өз әріптестерін мерейлі мерекемен құттықтап, аудан басшылығына алғысын жеткізді.
Атап өту керек, Қызылорда облысының елді мекендерді көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың 2021-2025 жылдарға арналған Өңіраралық жоспарына сәйкес биылғы жылы Жалағаш ауданы елді мекендерінде 4649 дана (1,86 га) ағаштарды отырғызу көзделген. Оның ішінде Сыр талы – 3000 дана, Терек – 1000 дана, Қараағаш – 649 дана.
Биылғы жылы көктемгі көркейту-көгалдандыру екі айлығының барысында 4649 ағаш, яғни, 1,86 гектар жерге отырғызылды. Оның ішінде Сыр талы – 1899 дана, Терек -1370 дана, Қараағаш – 1380 дана. Яғни жоспар толығымен орындалды. Ағаштардың шығымдылығы 71 пайызды құрады.

