Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов кәсіби мерекеге орай әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерін қабылдады.
Халықты әлеуметтік қорғау - әрбір азамат пен жалпы қоғамның ортақ мүддесі. Кәсіби мерекеге орай аудан әкімі әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерін қабылдап, құрмет көрсетті.
«Күн сайын Сіздер зейнеткерлерге, жан жылуын, адамзат мейірімін күтетін қамкөңіл жандарға, көп балалы отбасыларға, табысы аз азаматтарға көмек қолын созып келесіздер. Әлеуметтік жұмыс - тек білім мен білікті ғана емес, басқа адамның ауырсынуын түсіну және сезіну үшін адами қасиеттерді талап ететін ерекше мамандықтардың бірі. «Мейірім жүректен шығады, пейіл тілектен туады» - дейді халық даналығы. Осы салада жеткен жетістіктердің барлығы – ізгілік пен адамгершілікті ту еткен Сіздердің еселі еңбектеріңіздің, халық алғысының жемісі. Айналасынан жәрдем күткен азаматтардың қайғысы мен қиындығын бөлісіп, бірге еңсеруге аянбай еңбек етіп жүрген Сіздердің әрбіріңіз құрметке лайықтысыздар!», - деді аудан басшысы Асқарбек Темірбекұлы құттықтау сөзінде.
Қабылдауда сала ардагерлері, қызметкерлер облыс, аудан әкімінің алғыс хатымен, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының алғыс хатымен, аудан әкімінің құттықтауымен марапатталды.
Қабылдауда аудандық мәслихат хатшысы Гүлзат Ердәулетова, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жұпар Баймаханова, сала ардагері Тынымкүл Алмағанбетова сөз сөйлеп, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерін мерейлі мерекемен құттықтады. Қиын да қажетті мамандық бойынша жасап жүрген табысты қызметтеріне ризашылықтарын білдірді.

