Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Жалағаш ауданы әкімі Асқарбек Есжановтың елді мекендер халқымен кездесуі Мәдениет, Мырзабай ахун ауылдарында жалғасты.

Алдымен атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы мақсат-міндеттерге кезек берген Асқарбек Есжанов бір сәт елдің талап-тілегіне де құлақ түрді. Жалпы, жиынға келген ауыл тұрғындарының қарасы көп көрінді. Кездесу бұрынғыдай күмәнді статистикаларды баяндаудан емес, жаңа форматта, яғни сұрақ-жауап ретінде өтті. Бұл жолы сөзді ауыл тұрғындары алып, көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, татымды жауаптарын да алды. Әрине, аймақ басшысы бірінші атқарылған жұмыстар бойынша тоқталып өтіп, алдағы жасалатын жұмыстардың барысымен ауыл тұрғындарын таныстырып, жоба жоспарларымен де бөлісті.

Кездесуде мәдениеттік ардагерлер жарық, аяқ су секілді біршама мәселені сөзіне арқау етті. Асқарбек Темірбекұлы көтерілген мәселелерге алдағы уақытта жұмыс жасалатынын жеткізді, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Мәдениет ауылында алдағы жылы біршама жоба жүзеге асады. Жиында халық көтерген аяқ су мәселесіне жұмыс жасалады, бұл бір. Мұнан бөлек ауылдағы ауыз жүйесі кеңейтіледі. Ал халық айтқан көшелердің жарық мәселесі де 2023 жылы шешімін табады. Алдағы жылы ауылдағы 3 көшенің сапасына қатысты сметалық құжаттың әзірленетіні де мұндағы елдің еңсесін бір көтерді. Ал жарық, аяқ су, жол, жалпы тоқсан сайын халық көтерген мәселелер бүгінге дейін шешімін тауып келеді.

Кездесу соңында ауыл ардагерлері аудан әкіміне батасын беріп, жұмысына жоғары баға берді.

Мырзабай ахун ауылында халықпен кездесу ауылдағы білім ошағында өтті.

Ауылдағы мәдениет үйінің жоқтығы, емхана мәселесі осыған дейін де тұрғындардың талап-тілегіне арқау болған. Бүгін аудан әкімі Асқарбек Есжанов қос мәселеге нүкте қойды. Яғни келер жылы Мырзабай ахунда ауылдық емхананың іргетасы қаланады. Ал 2024 жылы ахун атындағы ауылда мәдениет үйі бой көтереді.

Мұнан бөлек Мырзабай ахун атындағы ауылда келер жылы толықтай электр желісі жаңартылады. Бұл жобаға ел қазынасынан 127,1 млн теңге, облыстық бюджеттен 14,1 млн теңге қаралып тұр.

Биыл да Мырзабай ахун ауылында елдің талап-тілегіне біршама жұмыс жасалды. Бірнеше көшенің сапасына мән берілді, ауылдағы спорт алаңы жаңартылды. Ал жарық, аяқ суға қатысты да мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асты.

Бұл ауылда жергілікті халық тарапынан көп мәселе де айтылмады. Себебі аудан басшысы тізбектеген келер жылдың еншісіндегі жобалар тұрғындардың көкейінде жүрген түйткілді мәселе екен. Бұйыртса Мырзабай ахун атындағы ауыл алдағы жылы жарқын жобалардың алаңына айналғалы тұр.
 

316427550_1590125518106187_949704425702677264_n.jpg

Тағы да оқыңыз: