Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданында бірқатар елді мекендерде электр бағаналарын ауыстыру жұмыстары қолға алынған болатын. Осы күні шалғайдағы ауыл Аманкелді, Қоғалыкөлде ауылішілік электр бағаналары мен трансформаторлары түгелдей ауыстырылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүруде.
Міне, осындай жұмыстар, атап айтқанда жаңадай электр бағаналарын орнату ауданға іргелес жатқан Асқар Тоқмағамбетов ауылында да басталып, ауыл көшесі самаладай жарқырай түсті.
Жарық жүйесі іңір қараңғылығында іске қосылып, жолаушыға жол сілтеп, мектептен қайтқан оқушыларға табан жолын көрсетіп қана қоймай, түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігіне де қорған болатыны белгілі. Осы мақсатта ауылымыздағы Б.Қашқынбаев көшесінің тұрғындары көше жарығын орнатып беруді сұрап, аудан әкіміне дейін өтініш білдірген болатын. Міне, аталған жұмысқа жобалық сметалық құжат жасалып, биыл осы жұмыс қолға алынды. Электр жарығы үшін бөлек темір бағаналар мен қауіпсіз әрі тиімді жарық диодты шамдар қойылды. Енді ауыл тұрғындары жарық көшемен жүретініне ризашылықтарын білдіруде. Адамдардың қауіпсіздігіне қолайлы жағдай жасалғанына қуаныштымыз, – дейді ауылдық округ әкімі Ғабдолла Алданазаров.
Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы жарық орнатылған көшенің атауы Б.Қашқынбаевтың атында. Көптен бері халық жиындарында қайта-қайта ұсыныс айтып, тұрғындар өтініш білдірген көшенің жарықтану мәселесі шешілді. Алдағы уақытта ауылдағы басқа да көшелерге де жарық орнату жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіле беретін болады.
