Kyzylorda-news.kz.  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен жастарды қолдауға бағытталған «Tulga Bol» жобасы әр өңірде іске асырылуда. Аталған іс шара Сырдария ауданының орталығында өткізіліп, ендігі кезекте ауыл аймақтарда жүзеге асырылуда. Асқар Тоқмағанбетов ауылында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен республикалық «Tulga Bol» жылжымалы жәрмеңкесі өтті. Асқар Тоқмағамбетов ауылдық округінде өткізілген жәрмеңкеге кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, қаржы және экономика бөлімі, аудандық мансап орталығы, аудандық білім бөлімі, аудандық жер және ауылшаруашылығы бөлімі, аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты. 

Жәрмеңке барысында жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер ұсынылып, түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды. Тиісті сала мамандары кеңестер беріп, ауыл жастарына мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бойынша ақпараттар ұсынды.

Сонымен қатар, жылжымалы жәрмеңке аясында спорттық сайыстар өтіп, ауыл жастары ләңгі тебу мен қол күрес сайысына қатысып, арқан тартысты. Спорттық сайыстарды ауылдық округі әкімі аппараты ұйымдастырды.

Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов және ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Жүсіпов жеңімпаз жастарды марапаттап, алдағы істеріне сәттілік тіледі.

–  Республикалық «Tulga Bol» жылжымалы жәрмеңкесі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен өткізіліп отыр. Аудан орталығында кең көлемде өтіп, жастарға кеңес берілген жоба бүгін ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылында өтіп отыр. Іс шара аясында жастар өздеріне керек ақпаратты ала алды деп ойлаймыз. Спорттық сайыстар да көңілді өтті. Саламатты өмір салтын ұстанып, жігерлі болып өсіп келе жатқан жастарға алғысымыз шексіз. Сайыс қорытындысы бойынша жеңіске жетіп, марапат төрінен көрінген жастарды құттықтаймыз. Әркез жолдарыңыз ашық, өмірлеріңіз сәттілікке толы болсын! Жастарды алдағы уақытта да кеңес беру алаңдарына шақыратын боламыз! – деді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов.

Айта кетейік, аталған іс-шараға «AMANAT» шаруа қожалығының төрағасы Меңдіғали Есжанов қолдау білдіріп, аудандық жастар ресурстық орталығы мен ауылдық клуб үйі және Асқар Тоқмағанбетов атындағы мектеп ұжымы жан-жақты ұйымдастыру жұмыстарына араласты. Өз кезегінде ауыл жастары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Тағы да оқыңыз: