Kyzylorda-news.kz. Ashyq жүйесі бойынша анықталған «қызыл» мәртебесі бар 165 адам өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Республикада карантиндік шектеулердің сақталуын бақылайтын мониторингтік топтардың жұмысы жалғасуда. Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңірлерінде 1,8 мыңнан астам мониторингтік топ жұмыс істейді. 2021 жылдың қаңтары мен 13 маусымы аралығында ел өңірлерінде 103 762 рейд жүргізіліп, 630 757 нысан тексерілді.
Жүргізілген жұмыс барысында мобильді топтар нысандарда карантиндік талаптарды бұзудың 17 043 оқиғасын анықтады.
13 маусымдағы жағдайға сәйкес шектеу шараларын, оның ішінде карантинді бұзғаны үшін 16 712 адам жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте 9 670 кәсіпкерге қатысты жазалау шаралары қолданылды. Өндірілген айыппұлдың жалпы сомасы 1 352,2 млрд теңгеден асады. Сотқа 310 материал жіберілді.
Мұнымен қоса, 10 маусымнан бастап Ashyq жобасына қатысатын нысандарда «қызыл» мәртебесі бар 165 және «сары» мәртебесі бар 168 адам тіркелген. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары оқшаулау режимін бұзушы «қызыл» мәртебесі бар азаматтарға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау бойынша жұмысты бастады.
Еске салайық, өткен аптада КВИ-ға шалдыққан науқастар және олармен байланыста болған адамдар үшін оқшаулаудың міндетті режимін көздейтін санитариялық-эпидемиологиялық талаптар күшіне енген болатын. Белгіленген талаптарды орындамағаны үшін оқшаулау режимін бұзушыларға 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде айыппұл салынады (ҚР ӘҚБтК 452-бабы).