Kyzylorda-news.kz. 1972 жылдың тамыз айында уәделескендей сыныптасым Есенкүл Алдабергенова, бізден екі жыл кейін бітірген №50 Абай атындағы орта мектептің түлегі Айымхан Тұрсынбаева және мен үшеуміз аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Д.Таймановтың бұйрығымен өзіміздің алтын ұя мектебімізге мұғалім болып оралдық.
Біз мектептен ұшқан 1966 жылы Асанбек ағай оқу ісінің меңгерушілігінен мектеп директоры болып тағайындалған еді. Ескі мектептің өзіміз шапқылап ойнаған кең дәлізінен имене басып, директордың кабинетіне кірдік. Қалың қабағы түксиген Асанбек ағай үш шәкіртін көргенде жайраң қағып, «келдіңдер ме?» деп, күлімдей қарсы алды. Химия пәнінен сабақ берген ағай өзгермепті. Бірден қатал қалпына түсіп, «ертеңнен бастап жұмысқа кірісіңдер. Іште жөндеу жүріп жатыр. Сынып бөлмелерін ақтауға, парталарды сырлауға қатысасыңдар. Жолдарың болсын! Анау жұмыс киімдеріңді ұмытпаңдар!» деп ескертті. Біз сол күннен бастап мектеп директорының қаталдығы мен талапшылдығын, оқушылар мен мұғалімдерге бірдей қарайтындығын сезінген едік.
Бір жылдан соң жаңа 2 қабатты мектепке көштік. Сол жылдары «кабинеттік система» деген шықты. Әр пән мұғалімдері кабинеттерін жасақтап, безендіріп қоятын. Асанбек Бәкірұлы басқаратын №50 Абай атындағы орта мектеп озат, үлгілі білім ордасы атанып жатты.
Асанбек ағайдың бір қасиеті – ертешіл еді. Ескі мектепте жүргенде таңертеңгі сағат алтыларда кабинетінде отыратын. Ол кезде үлкен темір пештерге от жағылатын. Соны ерте келіп тексеріп жүретін. Кешке де солай. Сабақ біткен соң әлгі пештерге от жақтырып, тексеріп барып үйіне қайтатын. Жаңа мектепте де кабинетке кіреберістегі кішкентай бөлмені алып, ол бүкіл қозғалысты, оқушылар мен ұстаздардың жүріс-тұрысын, киім киісін, тәлім-тәрбиесін бақылап отыратын. Ешкімге зекіп, айқайлап сөйлемейтін. Мұғалімдерге де, оқушыларға да ұрыспайтын. «Не болды? Не?» деп көзінің астымен алара қарап, үндемей қалатын. Бар болғаны сол. Бұл Асанбек ағайдың түсінсеңіз, сіздің тәртібіңізге ұрысқаны, сөккені. Ымдап «Бара беріңіз» дейтін.
Мектеп директоры аудандық оқу бөліміне жиналысқа кеткен күні мұғалімдер еркінсіп, мұғалімдер бөлмесінде у-шу, базар болып, бір-бірімізбен әңгімелесіп, қарқылдап күлісіп қалатынбыз. Шиеліге қатынайтын автобустың соңғы тұрағы мектептің дәл алдында тұғын. Терезеден көріп отырамыз. Автобустан директор қалай түсті, мұғалімдер бет-бетімен қашатын. Бұл қорыққандық емес, ол кісінің талабы мен тәртібіне бас иіп, сыйлау, құрметтеу деп түсіндік көбіміз. Кім білсін, қорыққандарда бар шығар. Асанбек ағай өмірде жайдары, байсалды, ақылды, білімді, көп оқитын, ақ көңіл, кең пейілді, ақылшы да сабырлы кісі болды. Ол өткізген мектептегі педагогикалық кеңестер мен пән кештері өте мәнді, қызықты өтетін. Көп сөйлей бермей, нақпанақ кемшілікті де, жетістікті де түсіндіріп өтетін. Асанбай ағай өткізетін химия пәні кештері әлі күнге есімізде. Түрлі химиялық тәжірибелерді көрсете отырып, оқушыларға сұрақтар бере тұрып, кейде озат ойлы оқушыларға өз қалтасынан сыйлықтар ұйымдастырып өткізген кештерін кім ұмытсын? Химия оқулығынан тысқары тың мәліметтер мен шетел ғалымдарының өмірдеректерінен, ашқан жаңалықтарынан майын тамыза айтатын ағай қазір бар ма екен деп қаламыз.
Мектепте оқушыларға еңбек тәрбиесін беретін учаске болды. Онда оқушылар бәдірен, қызанақ, қауын-қарбыз егіп, қоян асырап, көптеген жарыста үздік атанды. Ақтай Әділов ағай басқаратын оқушылар бригадасы Мәскеудегі бүкілодақтық көрмеге қатысып, лауреат атанып қайтты. Оқушылар соңғы сыныптарда кәсіптік білімге бейімделіп, тракторшы куәліктерін алуға дейін барды.
Асанбек Бәкірұлы 1933 жылы 25 маусымда «Ащықұдық», қазіргі Бала би ауылында дүниеге келген. «Ащықұдық» жеті жылдық мектебінде білім алып, 1947-1950 жылдары Шиелідегі №45 Ақ Орда мектебін бітіріп шығады. 1950 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне түсіп, 1954 жылы тәмамдаған. 1954 жылы №50 Абай атындағы орта мектепке химия-биология пәнінің мұғалімі болып орналасады. 1955-1958 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп оралған А.Бәкірұлы, 1958 жылдың тамыз айынан 1962 жылдың қыркүйегіне дейін мектеп мұғалімі, 1962 жылдан 1966 жылдың мамыр айына дейін өндірістік оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1966 жылмен 1993 жылдар аралығында 27 жыл №50 Абай атындағы орта мектептің директоры қызметін атқарды. Отбасында сүйген жары Тынжай Мырзахметовамен бірге 5 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, ұрпағынан 26 немере, 25 шөбере сүйіп, 2017 жылы 84 жасында дүниеден озды.
Ұл-қыздарын да ұстазша тәрбиелеп, олар Қазақстанның түкпір-түкпірінде түрлі сала бойынша қызмет атқарып жатыр. Үлкен ұлы Дәуренбек Асанбекұлы әскери салада қызмет атқарып, подполковник шенінде отставкаға шығады. Қызы Мәдина Бәкірова әке жолын қуған химия пәнінен сабақ беретін ұстаз, №181 мектептің директоры. Ұлы Қайсар – мұнайшы. Батыс Қазақстан облысында тұрады. Досбол «Петро-Қазақстан» мұнай компаниясында оператор, Мейрамкүл қызы сауда саласының маманы, Орал облысының тұрғыны. Қарашаңырақтағы ұлы Есбол үй шаруасында. Назым есімді қызы «Петро-Қазақстан» мұнай компаниясында оператор, жоғары білімді мұнай-газ маманы. Кенже қыз атанған Айгерім Бәкірова С.Асфендиярова атындағы медициналық университетінен педиатрия мамандығы бойынша білім алып, Қызылорда қаласындағы «Ана мен бала» орталығында балалар дәрігері болып қызмет атқарады. Асанбек ағай өзі де үлкен шаңырақта өніп-өскен. Жастай жетім қалған бауырларын оқытып, жетілдіруде аянбай тер төккен. Жеті ағайындыдан тараған ұрпақтары да осы ізгі жолды жалғастырып келеді.
Әкесі Бәкір Палымбетов «Ащықұдық» колхозын 17 жыл басқарып төраға болса, туған ағасы Әзімхан Бәкірұлы Исмаил Ленин атындағы колхозда 17 жыл бастық болып, Шиелі аудандық атқару комитетінің 10 жыл төрағасы қызметін атқарып, аудан ардагерлер кеңесіне 12 жыл төрағалық етіп дүниеден өтті.
Ал ең кенже інісі Құрманбек Бәкірұлы ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, осы саланың академигі, «Ақмаржан», «Аружан» күріш сорттарының авторы. 40 жыл бойы өзі оқып бітірген мектепте ұстаз болған Асанбек Бәкірұлы мыңдаған шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Олардың ішінде Қазақстан Республикасы Парламенті сенатында екі дүркін сенатор болып сайланған Мұрат Бахтиярұлы, мектеп директорлары болған Халықбек Әлтаев, Шерәлі Үркімбаев, Ұлғанша Найманбаеваның, «ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері», әнші-сазгер Әлмырза Ноғайбаев пен ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, бірнеше жоңышқа сортының авторы Беркін Исмаиловтарды тағы басқа түлектерін атауға, мақтаныш етуге болады.
Ұлағатты ұстаз Асанбек Бәкірұлының еңбегі мемлекет тарапынан ерекше бағаланып, ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Оның кеудесіне «КСРО халық ағарту ісінің озаты», «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озаты» белгілері тағылды. Оның есімі ауданға еңбектері сіңген ұстаздар Д.Тайманов, Ж.Зермұхамедов, Ә.Бәкіров, К.Жәукебаева, Е.Баймұратов, Х.Құнанқараев, М.Рүстемов, С.Аймаханов, Н.Аханова, Б.Жанаевалармен қатар аталады. Тірі болғанда 90 жасқа келер ұстазымыз Асанбек Бәкірұлының жарқын бейнесі шәкірттерінің көз алдында. Ол өмірі ұмытылмайтын, мәңгі есте сақталатын тұлға болатын. Жалынды ақын Мағжан айтқандай, «мұғалімнің орны әрқашан – төрде» емес пе?! Иә, солай.