Kyzylorda-news.kz. Медицина саласының көп талқыға түсе бермейтін бағытының бірі – тіс мәселесі. Қазіргі таңда тістің әуресіне түсіп жүргендер көп болғанымен, бұл мәселе денсаулық сақтау саласының «басын ауырта» бермейді. Бүгінде «тас шайнауға» жарайтын жастардың арасында тісі быламыққа да сынып жүргендер көп. Олардың қатарында емдеу тұрмақ, жұлдыруға да қалтасы көтермейтіндер бар. Бірақ аталған саланың оларға көрсетер көмегі жоқ.

Бүгінде жер-жерде тіс емханасы көбейді. Дегенмен емдеу мекемелері көбейгенімен баға арзандаған жоқ. Кейбір қызмет түрлерінің бағасын естігенде бағаның шамадан тыс қымбаттағанын да байқауға болады. Мұндай бағаны екінің бірінің қалтасы көтермесі анық. Бірақ тіс емханаларының арасында арзан баға ұсынып, халыққа барынша сапалы қызмет көрсететіндер де жеткілікті. Солардың бірі – «Ару стом» тіс емханасы.

2018 жылдан бастап халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан «Ару-Стом» тіс емханасы заманауи әдістермен емдеу жұмыстарын қолға алған. Тіс емханасының иесі Жансерік Өтеулиев бұл салада 32 жылдық еңбек өтілі бар білікті маман.

Осыдан 2 жыл бұрын жеке тіс емханасын ашқан дәрігер 1988 жылы Алматы медициналық институтын тәмамдаған.

«Тіс емдеу саласында 32 жылдан бері еңбек етіп келемін. Ең алғаш Қазалы ауданында жұмыс істедім. Мұнан соң 10 жылдан астам уақыт Байқоңыр қалалық ауруханасында еңбек еттім. Одан әрі Қазалы теміржол ауруханасында 12 жыл жұмыс істеп, облыс орталығына келдім. Мұнда қаладағы «Стомед» облыстық тіс емханасында жұмыс істеп, 2018 жылы жеке тіс емханасын аштым», – дейді Жансерік Өтеулиев.

Тіс емдеу саласында мол тәжірибесі бар дәрігердің қызметіне жүгінетіндер көп. Олардың дені аудандардан арнайы іздеп келіп, арзан әрі, сапалы қызметті пайдаланады.

«Негізі халыққа сапалы қызмет көрсетсеңіз, олар бір-біріне айта жүреді. Бір-біріне кеңес беріп, қызметіңді насихаттай бастайды. Бізге келушілердің көбі бірінен-бірі естіп келеді. Әсіресе Жалағаш ауданынан келетіндер көп. Сонымен қатар Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарынан да келетіндер бар. Әзірге емханада өзім ғана жұмыс істеймін. Келушілердің қатары көбейіп келе жатқандықтан емхана кеңейту, мамандарды жұмысқа алу жоспарда бар. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуға қатысып, мемлекеттік тапсырыстарды орындау және жасанды титанды тіс түбірін (имплант) салу жоспарланып отыр», – дейді дәрігер.

 «Ару стом» тіс емханасының бір өзгешелігі, дәрігер Жансерік Сәдуақасұлы үйден шығуға мүмкіндігі жоқ мүгедек жандарға да көмек көрсетеді.

«Тіс емханасына келе алмайтын, жүре алмайтын жандарға үйлеріне барып көмек көрсетеміз. Тіс салу, қызыл иекке ем қабылдау және тіс жұлу қызметтерін үй жағдайында залалсыздандырылған құрал-жабдықтармен жасаймыз», – дейді Жансерік Өтеулиев.  

«Ару стом» тіс емханасының қызмет ақысы қалтаға қонымды. Мұндағы баға өзге тіс емханаларымен салыстырғанда екі есе төмен. Ең бастысы мұнда білікті маман қызмет атқарады.

Динара Маханова

Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: