Археологтар Жанкент қалашығы VII ғасырда бой көтергенін анықтады – Kyzylorda News
Басты бет

Археологтар Жанкент қалашығы VII ғасырда бой көтергенін анықтады

19.08.2022, 11:40

502 0

Kyzylorda-news.kz. Археологтар Жанкент қалашығы VII ғасырда бой көтергенін анықтады.

Қызылорда облысындағы ортағасырлық Жанкент қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстары биыл да өз жалғасын тапты.

Зерттеушілер жаратылыстану ғылымдары әдістерін қолданып, Жанкенттің абсалюттік жасын анықтады. Бұған дейінгі деректерде көне қаланың ІХ-ХІ ғасырларда бой көтергені айтылса, жаңа зерттеулер шаһардың іргетасы VІІ ғасырда қаланғанын көрсетті.

Ескерткіш бүгінде төрт жерден қазылып, археологтар заманауи инновациялық құрал-жабдықтардың көмегімен зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Табылған жәдігерлер археологиялық зерттеулер зертханасында өңделіп, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына беріледі.

Айта кетейік, жобаның ғылыми жетекшілері археология ғылымдарының докторы, профессор Генрих Харке, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тажекеев және тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Ирина Аржанцева. Зерттеу жұмыстарына Тюбинген университетінің, Ресейдің Жоғары Экономика мектебінің, Мәскеу мемлекеттік университетінің және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері мен 35 ғалым қатысып жатыр.

Жанкент қорғаны – республикалық сипаттағы археологиялық ескерткіш. Қазалы ауданы территориясындағы Өркендеу ауылдық округінің орталығына іргелес жатқан биік төбе сияқты топырақ басқан қорғанның орнында VІІ – ХІV ғасырларда Жанкент, Янгикент қаласы өмір сүрген. Түрікмен тарихшысы Абұлғазы Баһадүрдің айтуынша, оғыз еліне жүздеген жыл астана болып келген, Сыр өзенінің аяғында тұратын ұлы мұра – Жанкент қаласы еді. Оғыздар осы жерді ерте заманнан мекендеп, патшалары астана қала – Жанкентте отырған. Жанкент шаһары Сыр өзенінің сол жақ бетінде, Қазалы қаласынан 15 шақырым жерде жатыр.