Kyzylorda-news.kz. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тұжырымдамалық шаралар көздейтін Заңға өзгеріс енгізілді. Енді қарапайым пара берушілер үшін (50 АЕК дейін) айыппұлдың ең төменгі мөлшері 2 есеге, параның 10 еселенген мөлшерінен 20 еселенген мөлшеріне дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ардақ Ерсейтов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша делдалдар үшін де айыппұлдың мөлшері 2есеге ұлғайтылған.
“Бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген “айтарлықтай мөлшерде пара беру” қылмысы үшін ең жоғары санкция 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құраса тиісінше, бұл әрекет орташа ауыр қылмыс деп танылды. Ал қазіргі жаңа редакцияға сәйкес, жазаның жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұлғайтылды, бұл автоматты түрде ауыр құқықтық салдары бар санатқа – яғни шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу және қауіпсіздігі төмен қоныс-колониясында жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі көзделген”, – дейді департамент басшысы.
Енді құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бизнеске араласқаны үшін 2 жылдың орнына, 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қолдану қауіпі бар.
“Құқық қорғау органдары басшылығының және судьялардың осындай әрекеттерді жасауы одан да қатаң жазаға – яғни, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін бірнеше рет, не қылмыстық топпен немесе өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған адамдарға да осындай, қауіпсіздігі төмен қоныс-колониясында жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі және шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу түріндегі қатаң шаралар қолданылатын болады”, – дейді Ардақ Ерсейтов.
