Kyzylorda-news.kz. Биыл ҚР Қарулы Күштері әскерінің Тәжікстан-Ауғанстан шекарасынан шығарылғанына 20 жыл толып отыр.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар келген атаулы дата аясында әскери қақтығыста өр кеудесін оққа тосқан жауынгерлерді, яғни бүгінгі күннің батырларын мерейлі мереке қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қабылдап, құрмет көрсетті. Кездесуге Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері, еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері мен үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары елдің бейбітшілігі жолында ерлік көрсетіп, жауынгерлік борышын адал атқарған ардагерлерге алғыс білдірді.

«Сіздердің ерліктеріңіз ел есінде мәңгі сақталады. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған «Ерлікке тағзым – ұрпаққа парыз» атты шара Тәуелсіз еліміздің жас буынын патриоттық рухта тәрбиелеуде, отаншылдыққа баулуда маңызы зор деп білемін. Елдің ертеңі жолындағы еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін», – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Әбжәліұлы.

Айта кетейік, 1993 жылдың 15 сәуірінде ҚР Жоғарғы кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен саны 500 адамға жететін атқыштар батальоны құрылды. Сегіз жылға созылған ұрысқа сегіз жарым мың қазақстандық қатысты. Оның 400-ге жуығы сырбойылық азаматтар.

Тағы да оқыңыз: