Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы облыстық филиалында ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан, саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған қоғам қайраткері, партия ардагері Сайлаубай Әбішұлы Әбішевпен кездесу өтті.
Кездесуді партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай жүргізді. Жиын барысында Сайлаубай Әбішұлының өмір жолы, еңбек тәжірибесі мен елге сіңірген қызметі жайлы кеңінен әңгіме өрбіді. Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, мазмұнды пікір алмасу болды.
Партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жоба аясында қолға алынып отырған «AMANAT: TULGAлар» атты жаңа бастаманы таныстырды.
«AMANAT» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қазыналы қариялардың денсаулығынан бастап, үй шаруасына дейінгі көмек көрсету бағытында түрлі іс-шараларды өткізіп келеді. Бүгінгі «AMANAT:TULGAлар» атты бастама түрлі салада жетістікке жеткен тұлғалардың, соның ішінде партия мүшелерінің өмір жолын, ел дамуына қосқан, қосып жатқан үлесін ұлықтауға арналып отыр. Мұндай кездесу партия алаңында тоқсанына бір рет тұрақты түрде ұйымдастырылып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, өмірлік тәжірибе мен ұлттық құндылықтарды кейінгі буынға жеткізудің маңызды алаңына айналатын болады», -деді Жандос Базартай.
Сайлаубай Әбішұлы Әбішев 1946 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді маман еңбек жолын мұғалім болып бастап, кейін комсомол, партия, ауыл шаруашылығы, мәдениет салалары мен мемлекеттік қызметте жауапты қызметтер атқарған. Ол ұзақ жылдар бойы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосты. Қазіргі уақытта да қоғам өмірінен шет қалмай, тәлімгерлік бағытта, қоғамдық кеңестер аясында белсенді қызмет атқарып келеді. Қызылорда қаласы мен Арал ауданының «Құрметті азаматы», ҚР ауыл шаруашылығы саласының «Құрметті ардагері», «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ардагері», Қазақстан Республикасының «Алтын жұлдызы» төсбелгісінің иегері.
Биыл ардақты азаматтың 80 жылдық мерейтойы облыс көлемінде аталып өтуде. Кездесу барысында Жандос Базартай партия ардагеріне құрмет көрсетіп, партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Жамаубайұлы Кәрібектің мерейтой иесіне арналған арнайы құттықтауын табыс етті.
