Kyzylorda-news.kz Талсуат ауылдық округі жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен «Ардагерлер тағылымы – ұрпаққа мұра» атты семинар өтті. Оған Қызылорда қаласындағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары қатысты.
Семинар жұмысы алдымен №178 орта мектепте орналасқан Ұлы Отан соғысының ардагері Сардарбек Нұрмағамбетовке арналған кабинетпен танысудан басталды. Нұрмағамбетов Сардарбек бұрынғы Сырдария ауданына еңбегі сіңген ұстаз, ұзақ жылдар бойы осы ауылдағы мектепті басқарған, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, 2003 жылы 80-ге қараған шағында дүниеден өткен қоғам белсендісі, еңбек ардагері. Сол ауылда ол кісінің есімін ұлықтау мақсатында көше атауы берілген.
Ауылдық округте мәдениет пен спорт саласының жұмысы жолға қойылған. Ауылда өскелең ұрпақтың спортпен шұғылдануына, салауатты өмір салтын ұстануына жол ашу үшін ауыл азаматы, спорт жанашыры, жас кәсіпкер өз бастамасымен демеушілік жасап, «Талсуат» спорт кешенін ашып, спорттық іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Ардагерлер көрнекі етіп қойылған оқушылардың өңірлік турнирлерден алған дипломдары, кубоктары, сертификаттары, ескерткіш сыйлықтары, Алғыс хаттарын көріп, тамашалады.
Бағдарлама бойынша ардагерлер ауыл орталығындағы Мәдениет үйін аралап көріп, тыныс-тіршілігімен, атқарылып жатқан жұмыстарымен және осы мекемеде бастауыш ардагерлер ұйымына арнайы бөлінген «Ардагерлер бөлмесімен», ондағы бастауыш ұйымының жүргізіп жатқан жұмыстарымен танысты.
Одан соң Талсуат ауылы ардагерлері туралы бейнеролик көрсетіліп, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Биятов Берікбек Ұзақбайұлының ардагерлермен жүргізіп жатқан жұмыстары тыңдалды.

«Қызылорда қалалық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шәменов Өмірбек Мөрәліұлы сөз сөйлеп, қалалық ардагерлердің қатысуымен ұйымдастырылған семинардың өту барысында алған әсерімен бөлісіп, семинар кеңестің өтуіне атсалысқан ауыл белсенділеріне алғысын жеткізді.
Семинар соңында ауылдағы қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, бастауыш ардагерлер ұйымының жұмысында белсенділік танытып жүрген бірқатар ардагерлерге «Қызылорда қалалық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстады.
Талсуат ауылдық округінің әкімі Бейсенбаев Ерлан Тұтқабайұлы қорытынды сөз сөйлеп, ауылдық округтегі жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарды атап өтіп, елге қызмет жасауда ауыл тұрғындарымен тығыз байланыста болып, ауылды өркендету, инфрақұрылымын дамыту, ауыл өмірін жақсартуға бағытталған жұмыстарды ауылдық округ жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымы мен ауылдық қоғамдық кеңеспен бірлесіп жүргізу жалғасын таба беретінен тоқталып, семинарға қатысушы ардагерлерге жылы лебізін білдірді.
Семинарға қатысушы ардагерлер мектеп оқушыларының, ауыл өнерпаздары мен Мәдениет үйі жанынан құрылған «Әжелер» ансамблінің өнерін тамашалады. Семинар соңында ардагерлер естелік суретке түсті.

