Kyzylorda-news.kz Биылғы жылдың 21 мамырында "Ардагерлер ұйымы" Республикалық қоғамдық бірлестігі мен Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясы арасында өзара ынтымақтастық және бірлескен қызмет туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат ардагерлер арасында ұлттық ойынды дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және өңірлерде жүйелі турнирлер өткізуді жолға қоюға мүмкіндік берді.
Аталған бастаманың өңірдегі нақты жүзеге асуының көрінісі ретінде Қызылорда қаласындағы «Теннис орталығында» облыс ардагерлері арасында ұлттық ойын – тоғызқұмалақтан спорттық жарыс өтті.
Жарыстың мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тоғызқұмалақ ойынын ардагерлер арасында кеңінен насихаттау, олардың белсенді өмір салтын қолдау, сондай-ақ өңірдің үздік ойыншыларын анықтап, республикалық деңгейдегі жарыстарға дайындау.
Салтанатты рәсімді Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шара аясында шілде айында мерейлі жасқа толған ардагерлер қозғалысының белсенділері – 90 жасқа толған Нәби Опабеков, 75 жасқа толған Пахмаддин Айнақожаев, 70 жасқа толған Кенжалы Ерімбетов пен Жаңабай Бекішевке Қызылорда облысының әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың құттықтауы табысталып, мерейтой иелеріне құрмет көрсетілді.

Сондай-ақ іс-шара барысында Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі мен Қызылорда облыстық Тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі ұйымның әріптестігін нығайтып, өңірде тоғызқұмалақ спортын дамытуға, ардагерлер арасында тұрақты жарыстар ұйымдастыруға және республикалық турнирлерге бірлесіп дайындалуға негіз қалайды.
Рәсім барысында қазақтың игі дәстүріне сай ақ бата беріліп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ізгі тілектер айтылды. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында І орынды Сырдария ауданының өкілі Қарашаев Кенбай, ІІ орынды Қызылорда қаласының өкілі Елеусінов Мектепхан, ІІІ орынды Қазалы ауданының өкілі Сәлмен Мұхтар иеленді. Ал әйелдер арасында І орынға Қызылорда қаласының өкілі Жармахан Мейрамкүл, ІІ орынға Қазалы ауданының өкілі Мырзатаева Жаңыл, ІІІ орынға Шиелі ауданының өкілі Түменбай Алмагүл лайық деп танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің арнайы дипломдары және естелік сыйлықтарымен марапатталды, қалған қатысушыларға Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды. Сонымен қатар үздік ойыншылар келесі жылы өтетін республикалық ардагерлер турниріне қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Облыс ардагерлері арасындағы тоғызқұмалақ жарысы ұлттық спортты дамытуға, аға буынның қоғамдық белсенділігін арттыруға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және халқымыздың рухани мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды спорттық-рухани шара болды.

