Халықаралық қарттар күніне орай қала әкімдігінің және  қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ардагерлер облыс орталығында бой көтерген және құрылысы жүріп жатқан бірқатар ірі нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.

Алдымен ардагерлер «Қызылорда арена» спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Заманауи спорт нысанында халықаралық стандарттарға сай 50 метрлік бассейн, футзал, баскетбол және волейбол залдары, конференция залы қарастырылған. Кешеннің құрылысы аяқталғаннан кейін мұнда ұлттық құрамалардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, Азия және әлем чемпионаттары сынды халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарды, сондай-ақ мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік туады. Спорт кешенінің құрылыс барысымен танысқан ардагерлер жаңа кешен өскелең ұрпақтың спортпен айналысып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұдан кейін қазыналы қарияларымыз Президент саябағы маңында бой көтеріп жатқан 9 қабатты 15 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын көрді. Жоба аясында барлығы 945 пәтер пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, осы саябаққа қарсы беттегі «Еңбек» саяжайы аумағына 1 936 пәтерлі 9 қабатты 22 тұрғын үй түсуде. Аталған аумақтар алдағы уақытта жаңа тұрғын аудандарға айналады. Шаһарда тұрғын үй құрылысы еселеп артып, баспана кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Биыл бюджет қаражаты есебінен жаңа пәтерлер сатып алынып, ипотекалық бағдарламаға қатысушылар мен әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар баспаналы болады. Жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысымен танысқан ардагерлер шаһардың сәулеттік келбетінің жаңарып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасып келе жатқанын жеткізді. Заманауи тұрғын үйлер қаланың көркіне көрік қосып, Сыр шаһарының жаңа келбетін қалыптастыруға үлес қосатынын да атап өтті.

Сапар барысында ардагерлер Ботаникалық бақ пен Президент саябағын да аралады. Ботаникалық бақта веерлі пальма, Канар құрмасы, кактус пен алоэ, вашингтония пальмасы, стрелиция, жакаранда, алып юкка, мақта ағашы, бамбук, кариота секілді сирек кездесетін өсімдіктер жайқалып тұр. Өсімдіктердің табиғи ортаға бейімделіп, жыл он екі ай сақталуы үшін нысан микроклиматты автоматты басқару және заманауи суару инженерлік жүйелерімен жабдықталған. Бақтың тыныс-тіршілігімен танысқан ардагерлер мұндай нысандардың қаланың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда және ішкі туризмді дамытуда маңызы зор екенін айтты. Сонымен қатар, тұрғындар мен қала қонақтарының демалып, табиғат аясында уақыт өткізуіне қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.

Қаладағы жаңарған нысандарды аралаған ардагерлер шаһардың архитектуралық келбетінің заманауи бағытта өзгеруіне, спорттық, мәдени және демалыс орындарының көбеюіне оң бағасын берді.
Сапар соңында ардагерлерге «Ақ Отау» мейрамханасында сый-құрмет көрсетілді. Қариялар Сыр елінің игілігі жолында атқарылып жатқан жұмыстарға ақ батасын беріп, ел дамуына бағытталған бастамалардың нәтижелі болуына тілектестік білдірді.

FB_IMG_1791012507364.jpg

Тағы да оқыңыз: