Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов қала ардагерлерімен бірге «Қызылорда Саз-М» ЖШС заманауи кірпіш зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. Нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті құрылыс материалдарын шығаруды және отандық өндірушілерді жан-жақты қолдау жөніндегі тікелей тапсырмасы шеңберінде бой көтерген болатын.
Жобаны жүзеге асыруға 5 миллиард теңге жеке инвестиция бағытталды. Жаңа өндірістік кешен индустриалды аймақтағы 7 гектар аумақты алып жатыр. Зауыт жылына 90 миллион кірпіш шығаруға қауқарлы. Бұл - қаламыздағы құрылыс жұмыстарының қарқынын үдетіп, құрылыс материалдарына деген ішкі сұранысты толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Зауыттың өндіріс процесі толықтай автоматтандырылылған.
Ардагерлер өндіріс ошақтарының көбеюі қала құрылысының сапасын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтіп, зауыт ұжымының жұмысына табыс тіледі.
Ардагерлер «Қызылорда Саз-М» кешенінен кейін «Orda Glass Ltd» шыны зауытында болды. Бүгінгі таңда Сыр өңірінде инвестициялық ахуалды жақсарту және экономиканы әртараптандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында өткен жылы 37 миллиард теңгенің 21 жобасы сәтті жүзеге асса, 2025-2029 жылдарға арналған пул аясында 1 триллион 900 миллиард теңгенің 65 инвестициялық жобасын мақсатына жеткізу межеленіп отыр.
Мұнда жылына 197,1 мың тонна жоғары сапалы шыны өндіріліп, ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттеріне белсенді түрде экспортталуда. Өндіріс ошағында отандық кадрлардың үлесін арттыру мен тәжірибе алмасу процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Өткен жылы зауыт ішінен заманауи құрылыс нарығында сұранысқа ие энергия үнемдейтін шыны өндірісінің жаңа желісі сәтті іске қосылды.
Қытайлық инвестормен бірлесе отырып, екі кезеңнен тұратын жаңа инвестициялық жоба қолға алынды. Алғашқысы биыл жылына 200 мың тонна кварц құмын өңдейтін заманауи цех ашылады. Ал, 2028 жылы тәулігіне 500 тонна күн фотоэлектрлік шыны өндірісі іске қосылмақ.
Аралауда қала ардагерлері шаһардың экспорттық және индустриалды әлеуетін халықаралық деңгейге көтерген зауыттың бағытына бата арнап, қызметкерлердің қажырлы еңбегіне алғыстарын жаудырды.

Ардагерлер нысандарды аралау барысында жаңа жылу электр орталығына да барды. Қаламыздың ескі жылу орталығы 1964 жылдан бері жұмыс істеп, оның 90 пайызы тозған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен және бұған дейін аймақты басқарған, қазіргі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың ұтымды үйлестіруімен бұл мәселе түбегейлі шешілді.
Ауқымды жобаны түріктің белгілі «Aksa Energy» компаниясы қолға алып, нысан құрылысына 215 миллиард теңге инвестиция салды. Заманауи станция экологиялық тұрғыдан тиімді, яғни табиғи газ шығынын екі есеге дейін үнемдейді. Инновациялық қондырғылардың арқасында станция небәрі 20 минут ішінде өндіріс қуатын 50 МВт-тан 240 МВт-қа дейін жедел өзгерте алады. Бұл желідегі жүктеме өзгерістеріне тез бейімделуге мүмкіндік береді. Тұрғын үйлерге жіберілетін желілік судың температурасы ескі жүйедегі 95°C-тан 130°C-қа дейін ұлғайтылды. Нысан кез келген сыртқы төтенше жағдайлар кезінде автономды режимде үзіліссіз жұмыс істей алады және қаланы жарық пен жылусыз қалу қаупінен толық қорғайды. Бүгінде жаңа және ескі жылу орталықтары жылыту маусымына сақадай дайын тұр.
Нысанмен танысқан ардагерлер жылу орталығының тұрғындардың жайлылығы үшін қызмет ететінін атап өтіп, атқарылған ауқымды жұмысқа жоғары баға берді.

Кестедегі нысанның бірі – «Панабек» заманауи жиһаз фабрикасы. Ардагерлерге шағын ғана цехтан бастап, бүгінде индустриалды деңгейге көтерілген отандық кәсіпорынның жетістіктері мен инновациялық жоспарлары таныстырылды.
2024 жылы кәсіпкер Амангелді Панабеков мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып, Қызылорда аймақтық инвестициялық орталығынан жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 59 миллион теңге несие алды. Жергілікті билік органдары мен «Самұрық-Қазына» қорының бірлескен қолдауының арқасында «Саяхат» шағын ауданынан 1 гектар жер учаскесі бөлініп, жаңа заманауи өндірістік кешен бой көтерді. Фабрика өткен жылдың желтоқсан айында ресми түрде ашылып, нарыққа жол тартты.
Бүгінгі таңда фабрика толық автоматтандырылған жүйемен жылына 35 000 бірлікке дейін кеңсе, үй, мектеп, балабақша және медициналық мекемелерге арналған корпус, металл және жұмсақ жиһаздарды шығарады. «Қызылордада жасалған» сапалы өнімдерге тек аймақ ішінде ғана емес, сонымен қатар Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Тараз сияқты еліміздің ірі қалаларынан тапсырыстар түсуде. Тұтынушылар қатарында мемлекеттік органдар, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен жеке компаниялар да бар. Кәсіпорын өнімінің жоғары деңгейін халық та, сарапшылар да мойындаған. Сондықтан фабрика «Қазақстанның үздік өнімі» өңірлік көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік өнімдер» номинациясының жеңімпазы атанды.
Фабриканың алдағы даму бағыты да ауқымды. Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы ерекшелігін ескере отырып, престелген күріш қабығынан экологиялық таза жиһаз материалдарын шығару технологиясын қолға алуда.
Сапар соңында қала ардагерлері шағын бизнесті ірі өндіріске айналдырған кәсіпкердің еңбегіне ризашылық білдіріп, Сыр өнімінің брендін республика деңгейінде асқақтатып жатқан фабрика ұжымына ақ баталарын берді.


