Kyzylorda-news.kz Қызылорда қалалық орталық «Нұр» мешітінің бас иамамы Берік Сүлейменовтың ұйымдастаруымен қаладағы «Айтбай» мешітінде «Ислам және адал қоғам» тақырыбында еркін ашық алаң ұйымдастырылды. Оған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов және дін өкілдері қатысты.

Ашық алаңды Берік Мәдиұлы ашып, бас қосудың мәні мен мағынасына тоқталды. Алғашқы сөз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Мөрәліұлына берілді. 

– Құрметті ардагерлер мен дін саласының өкілдері! Біз бүгін «Ислам және адал қоғам» тақырыбы аясында ой бөлісу мақсатында бас қосып отырмыз. Бұл өте құптарлық іс. Өздеріңіз білесіздер, Ислам діні ең алдымен адалдықты алға қояды. Адал табыс, адал ас, таза сөз, адал іс. Пайғамбарымыз: «Адалдық – жақсылыққа, жақсылық – жәннатқа бастайды» деген. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» құру себептері осыған саяды. Бұл бір күнде құрыла салатын нәрсе емес. Бұл  әділ экономика, таза басқару, ел тілегіне құлақ түре білетін мемлекет болуды меңзейді. Бір сөзбен айтқанда иман бар жерде – ұят бар, ұят бар жерде –адалдық бар, адалдық бар жерде – береке бар. Мен бүгін дін өкілдерімен бас қосып қоғамға қажетті пікірмен ой бөлісіп отырғанымыз үшін, Берік қажыға алғысымды айтамын, – деді. 

Мұнан соң ардагерлер Рамазан Молдашов, Жақсыбай Жәкеев, Сисенбі  Шермаханов, Жүзбай Таңрықбаев өз ойларын бөлісті. Ашық алаңда бүгінгі қоғамдағы Исламның орны, тәрбие мен тәлім, отбасы туралы, ел басқарудағы ниеттің түзу болуы жөнінде кеңінен ой өрбітті. Ашық алаң өте тартымды, қызықты ойларға ұласты.

Келелі ашық отырысты қорытындылаған қалалық орталық «Нұр» мешітінің бас имамы Берік қажы Сүлейменов бас қосуға келген ардагерлерге шексіз ризашылығын білдірді.

Ардагерлер басқосу.jpeg

Тағы да оқыңыз: