Kyzylorda-news.kz «Тағзым» алаңында өткен шарада Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың және жауынгер ардагерлердің рухына тағзым ету мақсатында жергілікті мемлекеттік мекемелер, ұрыс даласы оқиғаларының ардагерлері, белсенді жастар гүл шоқтарын қойды. Шараға арнайы қонақ ретінде шақырылған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев жастарға аға буын өкілдерінің батырлық пен ерліктеріне құрметпен қарау туралы өнегелі-өсиетті сөздерін жеткізді.
Іс-шарада сөз сөйлеген облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Р.Каюпов жас ұрпаққа тарих қатпарындағы қиын кезеңдерде елінің болашағы үшін жеке бастарын қауіпке тіккен аға буын өкілдерінің батылдықтарын ұмытпауға, елге адал қызмет етуге, болашақта ел тағдыры жастардың қолында екендігін түсіндіре отырып, шара қатысушыларына өсиет хаттың өлкемізге келуімен құттықтады.
Іс-шараға Маңғыстау облысының жастар саясаты басқармасы басшысының міндетін атқарушы Издибаев Еламан Қорғанбайұлы арнайы келіп, “Ардагер өсиеті” хатын ресми түрде облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюповке табыстады
Іс-шара соңында қатысушылар экологиялық акция ұйымдастырды. Облыстың белсенді жастары аймақтағы Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровтың тұрғылықты мекенжайы Тереңөзек кентіне арнайы барып, ардагерге өсиет хатты таныстырды.
9 шілде күні өсиет хат Түркістан облысына ресми табысталады. Ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын бұл бастама – тарихқа тағзымның жалғасы!