Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин», ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерінің иегері, көрнекті ғалым Жеңіс Сәдуақасұлының 80 жасқа толуына арналған Ғылыми кеңестің салтанатты мәжілісі өтті.
Салтанатты шараға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай арнайы қатысып, партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында мерейтой иесіне құрмет көрсетті.
Партия төрағасы өз сөзінде Жеңіс Сәдуақасұлының ғылым мен білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегін, ұлт тілін дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін атап өтіп, ардагер-ғалымдарға көрсетіліп отырған құрмет – жас ұрпақ үшін үлкен тағылым екенін жеткізді.
Ғылыми кеңестің салтанатты жиынын Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнура Бурибаева ашып, университет ұжымы атынан ғалымды мерейтойымен құттықтап, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің арнайы Ахмет Байтұрсынұлы төсбелгісін табыстады.
Сондай-ақ Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Тілдерді оқыту орталығының» директоры Мартана Дәулетова облыс әкімінің атынан Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыс етіп, мерейтой иесіне ізгі тілегін жеткізді.
Жиында филология ғылымдарының кандидаты, тілтанушы ғалым Болат Боранбай Жеңіс Сәдуақасұлының өмірі мен еңбек жолына арналған мазмұнды баяндама жасап, ғалымның қазақ тіл біліміне қосқан сүбелі үлесін кеңінен атап өтті. Сонымен қатар профессор, техника ғылымдарының докторы Серікбай Қошқаров, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Жанбершиева және әріптестері мен шәкірттері жылы лебіздерін білдірді.
Іс-шараға университет кәсіподақ ұйымының төрағасы Айтжан Оразбақов, Қызылорда «Болашақ» университетінің Жастар және тәрбие жұмысы жөніндегі департамент басшысы Берік Саймағанбетов, колледж өкілдері, ғалымның жақындары, достары мен шәкірттері қатысты.
Жеңіс Сәдуақасұлы – қазақ тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым. Ол 1979 жылдан бері ғылым мен педагогика саласында табанды еңбек етіп келеді. 1988 жылы кандидаттық, 1997 жылы докторлық диссертациясын қорғаған.
Ғалым 60-тан астам ғылыми жұмыстар мен диссертацияларға пікір білдіріп, 25 диссертациялық жұмыстың сарапшысы болған. Оның жетекшілігімен бір аспирант кандидаттық, 20-дан астам магистрант ғылыми жұмыстарын сәтті қорғаған.
150-ге жуық ғылыми және әдістемелік еңбектің авторы Жеңіс Сәдуақасұлы көпжылдық еңбегі үшін бірқатар мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болған.
Ғалымның ғылым мен білім саласына сіңірген еңбегі, ана тіліміздің дамуына қосқан үлесі – жас ұрпақ үшін үлкен өнеге. «AMANAT» партиясы ардагер-ғалымдарды қолдау мен құрметтеуді алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра береді.
