Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы Арбат алаңында Шешен этномәдени бірлестігінің онкүндігі аясында «Лезгинка – достық ритмінде» атты мерекелік іс-шара өтті. 

Шараның басты мақсаты – би өнері арқылы этносаралық достық пен татулықты дәріптеу, ел ішіндегі бірлік пен келісімнің маңызын кеңінен ұғындыру.

Кештің шымылдығын Шешен этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Лайла Пашаева құттықтау сөзімен ашты. Ол өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған бұл шараның қоғамдағы өзара түсіністік пен татулықты нығайтуға бағытталғанына тоқталды.

– Ассамблея – бейбітшілік пен келісімнің, өзара құрмет пен сенімнің бірегей алаңы. Бірлік пен ынтымақ – еліміздің тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі. Біздің бірлестік те осы құндылықтарды насихаттап, ел ішіндегі татулықты нығайту жолында еңбек етіп келеді, – деді Лайла Пашаева.

Оның айтуынша, Қызылорда облысындағы Шешен этномәдени бірлестігі 1995 жылы құрылған. Сол уақыттан бері Вайнах этносының мәдениеті мен дәстүрін ұлықтап, жас ұрпақты ұлттық өнерге баулу ісін тұрақты түрде жалғастырып келеді.

Әсіресе, шырайлы «Лезгинка» биі этностың рухы мен бірлігін бейнелейтін ерекше өнер ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Мерекелік жиында облыстық қоғамдық даму басқармасының «ҚХА хатшылығы – этносаралық қатынастар мәселелері бөлімі» басшысы Ерлан Сисенбиев құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңыздылығын атап өтті.

– Бұл шара – түрлі этнос өкілдерін бір сахнаға біріктіріп, достық пен келісімнің әуенін тербейтін тамаша дәстүрдің көрінісі. Шешен этномәдени бірлестігі өңірдегі қоғамдық келісім мен бірлікті сақтауға зор үлес қосып келеді, – деді ол.

Кеш барысында қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық би мен әуенге толы қойылымдарды тамашалап, «Лезгинканың» ырғағына қосылып, бірге би биледі.

Мерекелік кеш соңында қатысушылар мен көрермендер бірліктің биік рухын сезініп, Қазақстан халқының достығы мен бейбіт өмірі мәңгі болсын деген тілекпен шараны қорытындылады.

562807939_18095278150741788_4423535594048966514_n.jpg

Тағы да оқыңыз: