«Аралтұз» өнімінің құрамынан шыны мен шүберек табылып жатқаны рас па? – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

«Аралтұз» өнімінің құрамынан шыны мен шүберек табылып жатқаны рас па?

20.01.2020, 10:00

357 0

Kyzylorda-news.kz. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде Қызылорда облысы Арал ауданында орналасқан «Аралтұз» акционерлік қоғамының өнімдері жайында бейнематериалдар жиі жарияланып жүр.

Онда кәсіпорынның меншік иесі ретінде шетелдік компания саналатыны, өнім ішінде шыны, шүберек секілді заттардың бар болуы көрсетілген. Бұл жағдайлар шындыққа сай келе ме? Ол жөнінде кәсіпорын басшылығы мен тиісті сала мамандары не дейді? Бұл туралы ҚазАқпарат мәлімдеді.

«Аралтұз» АҚ президенті Айдынбек Тауасаров соңғы уақытта әлеуметтік желіде таратылып жатқан ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми мәлімдеді. Оның айтуынша, кәсіпорын тұзының құрамында эпсомит және астраханит секілді табиғи минералдардан тұратын табиғи ерімейтін тұнба бар. Олар – ағза үшін абсолют бейтарап. Өңдеуге келіп түсетін шикізат та экологиялық тазалығымен ерекшеленеді. Кәсіпорынның барлық өнімін ЕАЭО аумағында аккредиттелген тәуелсіз зертханалар тексереді. Бұл орындар тиісінше сәйкестік декларациясын берген.

«1925 жылдан бері жұмысын жүргізіп келе жатқан кәсіпорын еліміздегі ас тұзының жетекші өндірушісі саналады. Біздің өніміміз Қазақстан және ТМД аумағында жоғары бағаланатын отандық бренд ретінде қалыптасты. Бүгінде кәсіпорында 1200-ден астам адам еңбек етеді. «Аралтұздың» меншік иелері компания құрылғаннан бері қазақстандық кәсіпкерлер болды. Қазіргі таңда толық акциясы қазақстандық кәсіпкерлерге тиесілі. Ешқандай шетелдік тарапқа сатылған жоқ және үлесіне шетелдіктер қосылмаған. Осыған сәйкес біз соңғы уақытта әлеуметтік желілерде таратылып жатқан ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми мәлімдейміз», – деді А.Тауасаров.

Ол ас тұзы құрамында табиғи ерімейтін тұнба болатынын атап өтті. Ол кез келген табиғи тұзда, әсіресе тұнба тұзда кездеседі.

«Іс жүзінде «шыны» ретінде қабылданып жүрген эпсомит, астраханит деген минералдар. Олар біз өндіретін тұздарда бұрын да болған, ол стандарт нормалары бойынша келісілген ерімейтін қалдық. Эпсомит – магнезия немесе ағылшын тұзы деп аталатын, мөлдір түсті табиғи минерал. Ол сулы магний сульфаты – адам ағзасының қалыпты әрекет етуі мүмкін болмайтын заттек. Астрахани́т — минерал, сулы натрий және магний сульфаты, ол адам ағзасы үшін абсолют бейтарап және ағзаға түскен кезде табиғи жолмен шығарылады. «Аралтұз» АҚ өнімдері барлық стандартқа сәйкес шығарылады. Компания ISO 9001, ISO 22000, HACCP және Халал сертификаттарына ие болған», – деді Айдынбек Тауасаров.

Осы орайда өнім сапасы жөнінде Қызылорда облысының тауарлар, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандарының пікірін білуді жөн көрдік. Мамандар кәсіпорын өнім сапасында адам денсаулығына қауіп төндіретін ешқандай қоспа жоқ екенін мәлім етті.

«Арал аудандық тауарлар, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында «Аралтұз» акционерлік қоғамына тексеру шараларын жүргізді. Тексеру барысында кәсіпорын өнімінен 8 тұз сынамасы алынып, оның 5-нен йод құрамы қалыпқа сай болмағаны анықталды. Тұздың органикалық көрсеткіштері, хлорлы натрий, ион-кальций, ион-магний, ион-сульфат, суда ерімейтін қалдық, ылғалдың таза үлестері, қорғасын мен кадмий рұқсат етілген деңгейде, Адам денсаулығына қауіп төндіретін күмәнді қоспалар анықталған жоқ», – деді Қызылорда облысының тауарлар, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ұлбосын Аханаева.

0

Пікір қалдыру