Kyzylorda-news.kz  «Аралтұз» АҚ қызметкеріне өндірісте зардап шеккені үшін 5 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу туралы сот шешімі шықты. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады. 

Жәбірленуші 2013 жылдан бері «Аралтұз» АҚ-ның тұз өңдеу цехында ораушы болып жұмыс істеп келген. 2021 жылы цех операторы қызметіне ауыстырылған. 2025 жылдың қаңтар айында дүкен қоймасында түнгі ауысым кезінде жүк көтергіш техника қағып кеткен.

Ауыр жарақаттардың салдарынан бірнеше ота жасалған. Зардап шегуші көру және қозғалу мүмкіндігінен айырылып, еңбекке жарамсыз болып қалған. Қазіргі таңда оған тұрақты түрде көмек қажет, беті мен көзіне шұғыл ота жасалуы тиіс.

Ол сотқа талап арыз жолдап, моральдық зиянды өтеуді сұраған. Талапкердің айтуынша, оқиғадан кейін оның психикалық және физикалық жағдайы нашарлаған, екі кішкентай қызы бар.

Арнайы тергеу актісіне сәйкес, жазатайым оқиғаға жұмыс беруші тарап 100% кінәлі деп танылған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, қайғылы жағдай абайсыздықтан болған. «Аралтұз» тарапынан 850 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. Сонымен қатар, алдағы отаға байланысты барлық шығынды компания өз мойнына алған.

Сот отырысында жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келгені, психикалық және физикалық зардап шеккені дәлелденді. Арал аудандық сотының шешімімен «Аралтұз» АҚ зардап шеккен әйелге моральдық зиянның өтемі ретінде 5 млн теңге төлеуге міндеттелді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Фото: АО «Аралтұз»

Тағы да оқыңыз: