Kyzylorda-news.kz.  Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов өңірімізге іс-сапармен келген Біріккен Ұлттар Ұйымының UNICEF балалар қорының өкілі Артур Ван Дизен және аталған қордың балалар қауіпсіздігі жөніндегі координаторы Анна Стативкинаны қабылдады.

Аудан әкімі келген қонақтарға ауданның тарихы, тұрғындардың негізгі шаруашылығын таныстырып өтті.

«Биыл балаларды қорғау, қамқорлық көрсету бағытында 190 мемлекетпен жұмыс жасайтын UNICEF қорының 75 жылдығы. Бұл қор Қазақстанда 1994 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Қазақстан Республикасы Үкіметімен 5 жылдық бағдарлама жасалған. Биыл соның бірінші жылы. Бұл бағдарламада балалардың білім алуы, денсаулығы, әлеуметтік көмек көрсету мәселелері қарастырылған. Осыған байланысты Арал өңіріндегі балалардың жағдайын білгім келеді»-дейді Артур Ван Дизен.

Кездесуде аудандағы мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балалардың және мүмкіндігі шектеулі оқушылардың білім алуы, қосымша өнер, спорт үйірмелеріне тартылуы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова баяндады.

Одан кейін Арал ауданаралық орталық ауруханасының бас дәрігері М.Ршымбетов денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтармен қатар балалардың туу деңгейі, түрлі ауруларға шалдығу жағдайлары туралы мәліметтерге тоқталды.

Жиын соңында қажетті мәліметтерге толықтай қанық болған Артур Ван Дизен қазақ дәстүріне сай отбасында бала тәрбиесіне ерекше назар аударылатын жайттарға ризашылығын білдірді.

Тағы да оқыңыз: