Kyzylorda-news.kz. Соңғы 3 жылда Қызылорда облысындағы темір жолдардың бойында 25 адам мерт болған. Ортасынан шойын жол кесіп өтетін Арал қаласында арнайы өткел мәселесі өзекті боп тұр. Пойыз келген уақытта көлік кептелісі 3 шақырымға созылады. Жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметі де өте алмай ұзақ тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Темір жолдың бергі бетіне 22, ал арғы жағына 20 мыңдай халық қоныстанған. Жергілікті жұрттың әрі-бері қатынайтын жалғыз өткелі осы. Аурухана, перзентхана мен өрт сөндіру бекетінің мамандары шақыртуларға дер кезінде жетуге көпір немесе өзге өткелдің жоқтығы қолбайлау болып тұрғанын айтады.

«Көпір керек бізге, шақыртуға кешігіп қаламыз. Өткелден 2 пойыз өтіп жатса біраз тұрып қаламыз», – дейді жедел жәрдем қызметінің маманы Ринат Базаров.

«Жыл сайын автокөлік көбейіп келе жатыр. Арал қаласындағы өткелде көп машина жиналып қалады. Өрт оқиғасы кезінде өте алмай қалу ықтималдығы жоғары. Бірақ қазіргі таңға дейін ешқандай ондай дерек болған жоқ. Өткел жабылатын кезде алдын ала хабарланып, арғы бетке 1 машина шығарып жұмыс істейміз. Бірақ негізі кедергі бар. Үстінен өтетін көпір болса жұмысымыз жеңілдер еді», – дейді Арал аудандық ТЖБ басшысы Мұрат Жиенбаев.

10 жылдан бері дүркін-дүркін көтерілген мәселені жергілікті билік саралап, сараптап көріпті. Алайда аспалы көпір салуға аудан тіпті облыс бюджетінің шамасы жетпейтін көрінеді.

«Техника экономикалық негіздеме құжаттарын жасауға аудандық бюджеттен 9,8 млн тг қаржы бөлдік. Наурыз айының аяғында экспертиза қорытындысы шығады деп жоспарлап отырмыз. Жоба-сметалық құжаттарын жасау 55-60 млн теңге көлемінде шығуы мүмкін. Оны облыстық бюджеттен қаржыландыру қажет. Ал құрылыс жұмыстарының құны шыққаннан кейін республикалық бюджетке ұсынатын боламыз. Республикадан қаржыландыру керек», – дейді Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев.

Жалғыз өткелдің ашылып-жабылуын аңдыған аралдық ағайын жоғарыдан келетін пәрмен тағы 10 жылға созылып кетпесе деген тілек білдіреді.

Тағы да оқыңыз: