Kyzylorda-news.kz. Бүгін аралдық ардагер Серік Өтебалиев веложорыққа аттанды. Зейнеткер бұл сапарын азаттықтың ақ таңы атқанына және Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына арнап отыр.

500 шақырымды 4-5 күн аралығында жүріп өтуді мақсат етіп отырған ардагер жол бойындағы Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарына аялдап, Семей полигонынан зардап шеккен ардагерлерге арналған ескерткіштерге тағзым етеді. Жастарды Отансүйгіштікке шақырып, егемендіктің мән-маңызын насихаттайтын кездесулер өткізеді.

Қарт спортшының Тәуелсіздікке тартуына аралдықтар қолдау білдіріп, веложорықшыны салтанатты түрде шығарып салды.

Аталған шара Ауған соғысы мен Семей полигоны, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан ардагерлерге арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Шараға қатысқан аудан әкімі Серік Сермағамбетов: -«Биыл тұғыры биік, рухы асқақ мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жемісі болған, қаншама адамның өміріне сансыз зардабын тигізген Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына да биыл 30 жыл толып отыр.

«Осынау айтулы күндердің ел тарихындағы орнын, мән-маңызын насихаттау мақсатында жерлесіміз Семей сынақ полигонының зардабын жоюға қатысқан ардагер Өтебалиев Серік Сәдуақасұлы Арал қаласынан облыс орталығы Қызылорда қаласына дейінгі аралықты велосипедпен жүріп өтпекші. Бұл бастама аралдықтардың тәу етер Тәуелсіздігіміздің мерейлі 30 жылдығына арналған тартуы болмақ»- деп жылы лебізін білдіріп, салауатты өмір салтын насихаттау мен өскелең ұрпақты спортқа баулу мақсатында осындай игі бастама көтеріп отырған ардагер-спортшыға сәтті сапар тіледі.

Одан соң абыз ақсақал, ардагер-журналист Шәкірат Дәрмағамбетов Серік Сәдуақасұлына ақ жол тілеп, батасын берді.

Енді елімізде Семей полигоны сынды қасіреті жағдайлар қайталанбасын. Біздің ұрпақтарымыздың бейбіт заманда өмір сүруін тілеймін. Қазіргі жастарды жаман әдеттерден аулақ болып, еңбек етуге, спортпен шұғылдануға, пайдалы істермен айналысуға шақырамын.»-деді веложорықшы.

Атап өтейік, бұған дейін ел Тәуелсіздігі мен Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай Серік Сәдуақасұлы Арал-Қызылорда бағытында жаяу жүріспен 500 шақырым қашықтықты бағындырған болатын.

Ал, Семей полигонындағы алғашқы ядролық жарылысқа 70 жыл толуына орай қала ішінде «Қазақ жерінде енді қайтіп ядролық сынақ болмасын!» деген ұранмен 21 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.

Тағы да оқыңыз: