Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов Қамыстыбас және Аралқұм ауылдық округтерінде ауыл тұрғындарымен кездесті. Алдымен Қамыстыбас ауылында болған аудан басшысы жыл басынан бері өңірдегі атқарылған жұмыстар легін баяндап, биылға жоспарланған басқа да ауқымды жобаларға тоқталды.
«Ауданға инвестиция тарту көлемі жыл сайын артып келеді. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аудан бюджеті екі есеге артып, биыл 18,4 млрд теңгеге көбейді. Ауданымызда газ тарту жұмыстары да лайықты жалғасын табуда. 2022 жылы Сексеуіл кентінде газ жеткізу құбырының және кварталішілік газ тарату желілерінің құрылысы басталып, биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Көп күтпей-ақ, өздеріңізде де көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін құны 56 миллион теңге болатын жоба жасалуда. Келесі жылы бюджеттен қаржы тарту жұмыстарын атқаратын боламыз. Ауылдарыңызда «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 79,6 млн теңгеге 10 жоба ұсынылып отыр екен. Бұл өте тиімді. Халық осындай жобалардың игілігін көру қажет. Елге болсын деген азаматтарды ауылды көркейтуге атсалысуға тартып, жобалар жасау керек. Оған бізден әрдайым қолдау болады», – деп, кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге жан-жақты демеудің бар екендігін айтты.
Мұнан бөлек, өңіріміздегі үлкен туристік аймақ болып саналатын Қамыстыбас ауылында биыл көркейту-көгалдандыру жұмыстары өз жалғасын тауып, көл орналасқан орынға автожол жүргізу үшін жоба ұсынылып, келесі жылы бастау алатынын да жеткізді.
Жағымды жаңалықтардың куәсі болған ауыл тұрғындары да жасалған жұмыстарға оң бағасын берді. Аудан басшысымен кездесу барысында ауылдағы мәселелерді де сөз еткен қамыстыбастықтар жасөспірім жастарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің қазіргі жағдайы көңіл алаңдатынын тілге тиек етті. Серік Сағитжанұлы бұл мәселеге қатысты бүгінде сот процесі жүргізіліп, мердігерге мәжбүрлі түрде орындауға шешім шыққандығын және бұл жұмыс өз жалғасын табатынын айтты.
Мұнан соң, аудан басшысы елді мекен маңында орналасқан «Аққұмшық» жағажайына барып, ондағы туризмді дамыту мен жазғы шомылу кезеңіндегі қауіпсіздік мәселесін бағамдады. Жағажай бойында жаз мезгілінде кәсіппен айналысатын жандармен кездесіп, тазалық мәселесіне баса мән беруді және демалуға келген тұрғындарға алдағы уақытта тиісті түрде жағдай жасау қажеттігін жеткізді. Құтқарушы қызметкерлерге де көл басында үнемі қадағалау жұмыстарын жүргізіп отыруды баса айтты.
Сапар барысында аудан басшысы «Тоқбай» көлінің жанында орналастырылған тұрғындардың егістік алқабымен танысты. Бүгінде 10 гектар аумақтың 5 гектарына бау-бақша өнімдері егілуде. «Әліп» шаруа қожалығының төрағасы Әлиев Рахымжан егін алқабын тыңайту жұмыстарын көрсетіп, өнімнің бітік шығуы үшін жасалып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Аудан басшысы жердің құнарлылығы жоғары екенін ескере отырып, халықты өз өнімімізбен қамтамасыз ету үшін алдағы уақытта көкөніс дақылдарын да егуді ұсынды.
Аудан әкімінің сапары одан әрі Аралқұм ауылдық округінде жалғасты. Серік Сағитжанұлы тұрғындарға ауданымыздағы жағымды жаңалықтың бірі қала аумағында темір жол үстінен өтетін аспалы көпір құрылысының басталғанын айтып, қуанышпен бөлісті. Одан соң, биыл өңірімізде атқарылып жатқан тың жобалар мен алдағы міндеттерге тоқталды. Аралқұм ауылына балалар ойын алаңын салу мәселесі де оң шешімін тауып, аудандық бюджетке өтінім тапсырылғанын жеткізді. «Елді мекенге қарасты Мойнақ ауылына шахталық құдық қазу жұмыстары да биыл демеушілік есебінен бастау алмақ» деп жағымды жаңалықтың жаршысы болды.