Kyzylorda-news.kz Ұлыстың ұлы күні, әз-Наурыз биыл Арал ауданында да Наурызнама онкүндігіне сәйкес жоғары деңгейде өтіп жатыр.

Әр күні шуақты шарамен көмкеріліп, әр түнінде әуелей ән қалықтаған Арал қаласының орталық алаңында бүгін де ауқымды шара ұйымдастырылды.

22 наурыз – Жыл басы күніне сәйкес қаз-қатар тігілген ақшаңқан үйлердің алдында ұлттық рухты оятып, мәдени мұраларды жаңғыртқан түрлі танымдық шаралар өтті. Сонымен қатар бұл күнді ауданға қарасты барлық ауылдағы ағайын да айрықша көңіл-күймен қарсы алып, мерекенің мәнін аша түсті.

Тоғыз күн бойы тойланған мерекенің бүгінгі күнінде әр өнер ұжымы дәстүрді ерекше дәріптеп, бабадан қалған құнды жәдігерлерді жаңғырта түсті. Бұл күні сонымен қатар кондитерлік және тұрмыстық тұтыну өнімдерінің көрмесі өтсе, халқымыздың ежелгі тұрмыс салтынан сыр шертетін мұражай да келушілерге есігін айқара ашты.

Наурыз – бұл тек көктемнің келуі ғана емес, сонымен қатар жаңа өмірдің, жаңа үміттің, ізгілік пен ынтымақтың, береке мен бірліктің символы. Осы күні тілегі бір ағайын жылы шыраймен қауышып, жаңа күннің нұрына бөленді. Халқымыздың ұлттық дәмі саналған наурыз көже дайындалып, кең дастарқан басында жүздескен жұрт бір-біріне жақсылық тілесті. Әсем ән қалықтап, домбыраның қос ішегінен күмбірлеп күй төгілді.

Күні бойы өткен шаралар мұнымен толастамай, кешке елімізге белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен гала концерт өтті. Кешкілік шараға қатысқан аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев аудан тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтады.

– Құрметті аралдықтар, қадірменді жерлестер! 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күнімен баршаңызды құттықтаймын! Тамыры тереңнен тін тартқан бұл мереке – жаңашылдық пен жасампаздықтың, жылылық пен мөлдір мейірімнің жаршысы. Шуағын шашқан көктемнің нұрлы шапағаты Наурызбен бірге тіршілікке шаттық сыйлайды. Қыстың қаhары қайтып, дүние жаңарып, құлпырады. Бабалар дәстүрі жаңарып, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елімізді ерен еңбекке, баянды болашаққа үлкен сеніммен жетелейді. Бұл күні мыңжылдықтардан мұра болып келе жатқан бабалар дәстүрі қайта жаңғырып, ұлттық құндылықтар халықтық деңгейде дәріптеліп жатыр. Қайырымдылық пен имандылықтың, бірлік пен достықтың бастауы – әз-Наурыз мерекесінде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға баянды бақыт, береке-бірлік тілеймін! Әз-Наурыз әр жанұяға жақсылығын сыйлап, лайым бірлігіміз бен берекеміз арта берсін деген тілек білдіремін, – деген аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы Наурызнама онкүндігі аясында өткен шараларға тоқталып, елге ән-жыр арнай келген өнер илеріне Алғыс білдірді.

Аудан тұрғындарына ерекеше көңіл-күй сыйлаған ерекше кеште Қазақстанға белгілі әнші, сазгер Лена Әбдіхалықова, «Тұран» тобы, Әлішер мен Арай жұлдызды жұбы және аудан өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты.

Осылайша Науырызнама онкүндігіне сай өткен Жыл басы күні аудан халқы үшін ерекше естеліктермен, жайдары көңілмен түйінделді.

Арал ауданы наурыз.jpg

Арал наурыз мерекесі.jpg

Фото: Арал аудан әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: