Kyzylorda-news.kz Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесін айдынды Арал жұртшылығы өзіндік сән-салтанатымен атап өтті.

Мемлекеттегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналған мереке 1996 жылдан бері аталып келеді. 130-дан астам ұлт пен ұлысты ұйыстырып отырған мемлекет үшін бұл күннің орны ерекше. Еңселі ел, іргелі мемлекетке айналу жолында бірлік, келісім және өзара қолдау қағидаттарын дамыту жолындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосқан үлесі айрықша.

Арал бірлік күні.jpg

Осы орайда Арал жұртшылығы бейбітсүйгіш елдің бірлігін айғақтайтын ұлы мейрамды кең көлемде тойлады. Қалың елді береке-бірлікке бастайтын бұл күні қаламыздың орталық алаңында «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені» атты мерекелік концерт өтті.

Ереше көңіл-күймен бастау алған мерекеде аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз алып, алаңға жиналған қауымды бірлік мерекесімен құттықтап, ақжарма лебізін білдірді.

Арал бірлік күні 5.jpg

– Қадірлі жерлестер, ардақты ағайын! Баршаңызды татулық пен тұтастықтың мерекесі – 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесімен құттықтаймын! Біздің баға жетпес байлығымыз – бабалардан өсиет болып қалған, халқымызға қасиет болып қонған береке-бірлігіміз. Біз достықты дәріптеп, өзара түсіністік пен сыйластықты биік қойған халықпыз. Осы құндылықтар біздің елдігіміздің тұғыры, мемлекетіміздің ең басты байлығы. Біз «Бірлік түбі – береке» деген елміз. Сондықтан, халқымыздың тұтастығы мен ырыс-ынтымағының символы болған бұл мерекенің Тәуелсіздік тарихында да алар орны ерекше. Еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың нәтижесінде мемлекетіміз өркендеп, қарқынды дамып келеді. Бұл елдегі татулық пен ұлттар тұтастығының, қоғамдағы ынтымақ пен тыныштықтың арқасы. Осы құндылықтардың арқасында Қазақстан іргелі әлеуметтік-экономикалық табыстар мен саяси тұрақтылыққа қол жеткізді. Айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, әр шаңыраққа құт-береке, бақыт тілеймін! Елдігіміз еңселі, мемлекеттігіміз мәңгі, келешегіміз кемел болсын, – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.

Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясына да 30 жыл толып отыр. Ассамблея – ел бірлігін, тұтастық пен тұрақтылықты орнықтыра түсетін тиімді құрылымға айналды. Бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Тағдыр жазуымен қазақ топырағына қоныстанған түрлі этнос өкілдерінің қазақ қоғамымен біте қайнауына зор мүмкіндіктер жасалды.

Елдің бірлігі мен татулығын жырына қосқан өнерпаздар әуезді ән шырқап, тұрақтықылық пен татулық символы ретінде түрлі-түсті шарларды көкке қалықтатты. Мерекелік шараның сәні болған бүлдіршіндер өз өнерімен жиналған жұртты тәнті қылды.

Кең көлемде өткізілген мәдени-көпшілік шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, бірлік мерекесін шаттыққа толы мерекелік көңіл-күйде атап өтті.

Арал бірлік күні 2.jpg

3.jpg

Фото: Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: