Kyzylorda-news.kz.  Бүгінде елімізде түрлі сала өз бетінше қарқынды дамып келе жатқаны сөзсіз. Соның ішінде аспаздық, наубайхана саласы да халық ризашылығына бөленіп келеді. Иә, «Ас атасы – нан» деген қағиданы берік ұстанатын қазақ халқы үшін нан өнімдерінің маңызы зор. Қоғамда жоғары сұранысқа ие нан өнімін әзірлеудің өзі көптеген еңбекті талап етеді. Көзбен қарағанға оңай көрінгенімен, мұндай жұмыстың артында қаншама еңбек жатыр десеңізші.

Теңізді өлкеде де наубайхана саласы өз бетінше дамып жатқаны анық. Өз кәсібін бастап, бүгінде аудан тұрғындарын 20 жылдан астам уақыт нан өнімімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлердің бірі – Күләш Абашова апайымыз бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отыр. Күләш Матығұлқызы өз кәсібі жөнінде:

Берекелі астың бірі нан өнімі кәсібін мен 1997-1998 жылдары бастаған болатынмын. Бастапқы кездері кішкене ғана техникалық құрылғылармен нан пісіріп, базарға апарып сатып, өз кәсібімді қолға алдым. Кейін, бертін келе «Бастау Бизнес» арқылы кәсіпкерлік саласы жөнінде біліктілігімді кеңейтіп, қайтарымсыз грант ұтып алдым. Осы тұста нан өнімдерін өндіретін техникалық жабдықтарымды кеңейтіп, кәсібімді әрі қарай дамыттым. Бүгінде бір адамды жұмыспен қамтып отырмын. Яғни, нанды өзім илеп, қалыптаймын. Ал қасымдағы адам оны пісіріп отырады. Күніне 300-ден астам нан өнімін әзірлеп, екі дүкенді қамтып отырмыз. Күнделікті тез өтіп кетіп, тағы сұраныс білдіріп жатады. Дегенмен, біз үлгергенімізше дайындап, қолдан келгенше қамтимыз. Осылайша мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті пайдаланып, кәсібімді дамыттым. Алдағы уақытта осы кәсіпті әлі де дамыту ойда бар,–дейді кәсіпкер.

Иә, бүгінгі күні кәсіп бастаймын немесе оны әрі қарай жандандырамын деген кез келген адамға мемлекет тарапынан біршама мүмкіндік қарастырылған. Ел экономикасын дамытушы кәсіпкерлік саласының халық игілігіне асары да мол. Күләш Абашова апай да бүгінде кәсібінің берекесін көріп отырған жайы бар. Алдағы уақытта Күләш апайға кәсіби табыс тілейміз.

Тағы да оқыңыз: