Kyzylorda-news.kz. Колледжді заңгер мамандығы бойыншап тәмамдаған Бибісара жұмыс табыла қоймаған соң, облыс орталығындағы оқыту курстарына бірнеше рет қатысып, шаш қию мен сәндеудің сырын біршама меңгеріп алды.
«Адам іздене білсе, бәріне де қол жеткізеді екен. Өзге құрбыларым секілді «Дипломым бар, жұмыс табылады» деп босқа уақыт өткізбей, шаш сәндеу мен бет әрлеудің сан түрлі құпияларын білуге және оны пайдалануға күш салдым. «Шіркін, менің де жеке салоным болса, келушілердің көңілінен шығатындай қызмет көрсетер едім» деген оймен біраз істерді жоспарлап жүретін едім. Тілегім орындалып, қайтарымсыз грантқа ие болдым. Бұл маған үлкен көмек болды. Алдымен бос тұрған үйдің ішін келушілерге қолайлы жағдай туғызу үшін жөндеуден өткіздім. Одан соң, шаш қию мен сәндеуге арналған түрлі құралдарды сатып алдым. Шағын ауыл болса да келушілер қатары мол. Ер адамдардың шашын да қиямын. Қай кәсіптің иесі болсаң да, күнделікті ізденіп, жаңалықтарды біліп отыру керек. Сонда ғана келушілердің талғамынан шығасың. Мысалы, келушілердің бет-әлпеті мен жас шамасына қарай шашын сәндей білсең, құлпырып шыға келеді. Сондай-ақ пайдаланатын бояулардың сапасы жөнінде білгенімді айтып, күтіну жолдары туралы кеңес беремін. Өзімнің сүйікті ісіммен айналысуға қазір зор мүмкіндік жасалып отыр. Біздің ауылда да кәсіпкерлік саласы жолға қойылып, «еңбек етемін» деген жанға көмек көп. Ауыл әкімі тарапынан да қолдау көрсетілуде, – дейді жас кәсіпкер.
Иә, айтса айтқандай, жаңалыққа толы заманда қай ауылда да сән салондарының ашылуы орынды. Әсіресе, Бибісара Шынәлиева сынды жастар оқыту курстарында шағын кәсіпті меңгеріп шықса, екі қолға бір жұмыс табылатыны анық.
«Ауыл адамдарының алғысына кенелген сайын кәсібімді кеңейтіп, түрлендіргім келеді. Ол үшін қомақты несиеге қол жеткізуім керек. Сонда бірнеше адамды да жұмыспен қамтуға мүмкіншілік туады. Себебі кейде мерекелік кештер мен тойға баратын қыз-келіншектердің бетін әрлеуге уақыт көбірек кететіндіктен, шаш сәндеуге үлгіре алмай қалатын кездерім болады. Сол үшін қызығушылығы бар жас қыздарға да білгенімді үйретіп жүрмін. Ауыл – нағыз табиғи сұлулықтың ортасы. Айран, сүт, қаймақ–ешқандай шетел майлары жете алмайтын таза әрлегіштер. Біле білгенге ішсең ағзаға пайдалы, бет пен шашқа таптырмас өнімдер»,– дейді әдемілкке жаны құмар жас.
Аралқұмның адамдарына сұлулық сыйлап жүрген Бибісараның айтар кеңесі де көп-ақ. Кәсібін кеңейтуге байланысты мақсаты да мол.