Kyzylorda-news.kz. “Әрбір бала бір жұлдыз, жарқырауға көмектес” деген еді бабамыз Жүсіп Баласағұн. Баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру – әр ұстаздың, әрбір білім жолында қызмет еткен жандар үшін маңызды міндет болып саналады. Міне, осындай талап үдесінен табыла білген "Дарын" балалар шығармашылық орталығының "Біз дарынды баламыз, жұлдыз болып жанамыз" тақырыбындағы жылдық есептік концерті ұстаз Света Игенбайқызының ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде берілді. Қазақ өнері арқылы балаларға ұлттық тәрбие беру, өз елін өркендетуге үлесін қосатын білімді, өнерлі ұрпақ тәрбиелеу бағытында ұйымдастырылған бұл концерт жоғарғы деңгейде өтті.
Аталған концерттік бағдарламада осы орталықтың шәкірттерінен құралған "Айсәуле","Ай-Жұлдыз" би тобы мың бұрала билеп, домбырашылар күмбірлете күй ойнап, вокал класында білім алып жүрген қабілеті ерек келешек иелері әсем дауыстарымен ән шырқап, фортепиано аспабының құлағында ойнаған шәкірттер өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті. Сонымен қатар орталық мұғалімдері мен түрлі республикалық өнер сайыстарында жүлделі орындар еншілеп жүрген талантты өрендер жиылған қауымға өнерлерін паш етті. Концертті тамашалауға келген ата-аналар балалардың шығармаларын жоғары бағалап, керемет әсер алып, ризашылығын білдіріп жатты. Сол ата-аналардың бірі:
Шығармашылық орталықтың концертіне арнайы бардым. Жаңашылдыққа бет бұрған ұстаздардың барлығы білімді де білікті жандар. Менің де балам домбыра бөлімінде дәріс алады.Светаның рәтті еңбегінің арқасында балам республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері атанып келеді. Өз баламның ғана емес, барлық талантты балалардың өнерлерін тамашаладым. Мен келсем, мәдениет үйінің көрермендер залы адамға толы екен. Бұл жергілікті тұрғындардың өнерді бағалағаны деп білемін. Бүгінгі концерттен керемет әсер алып, рухани демалып қалдым. Орталық ұстаздарына алғысым шексіз. Олар ылғи ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Өнер ұжымына шығармашылық табыс тілеймін, – дейді Индира Тәуекелқызы.
Баланы заман талабына сай көрегендікпен икемдеп, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамытуды мақсат еткен орталықтың талантты жеткіншектері аз ғана уақыт ішінде кәсіби мамандардан дәріс алып, біраз жетістіктерге қол жеткізгені аңғарылып тұрды. Қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған оқушылардың әлі де талай асулардан асып, белестерді бағындырарына сеніміміз мол.